Балқаш көлінде браконьерлер ұсталды

Балқаш көлінде заңсыз балық аулаған Жетісу облысы мен Талдықорған қаласының тұрғыны ұсталды. Бұл туралы ішкі істер министрлігі хабарлап отыр.

«Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Балқаш қалалық желілік полиция бөлімі мен Балқаш-Алакөл аймақаралық бассейндік инспекциясы көлде моторлы қайықты тоқтатты. Оның ішінде 35 жастағы Жетісу облысының және 37 жастағы Талдықорған қаласының тұрғыны болған, — делінген ақпаратта.

Тексеру кезінде қайықтан ұзындығы 2500 метрлік ау табылды. Сонымен қатар сегіз жәшік балық тәркіленді. Жәшіктерден көксерке, ақтабан, табан, жая, жайын және сазан секілді балық түрлері шықты. Заңсыз ауланған балықтың жалпы салмағы — 252,3 келі. Табиғатқа келтірілген залал сомасы 1,2 миллион теңгеден асқан.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.