Алматыда өртенген балалар үйіндегі жағдайға байланысты оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, «Перзент» балалар үйі – жеке қайырымдылық ұйымы. Қазіргі уақытта онда 35 бала тәрбиеленіп жатыр. Бүгінде олардың жағдайы жақсы, қауіпсіз жерде орналасқан.
Жағдайды үйлестіру мақсатында жедел штаб құрылды. Оның құрамына қала әкімдігінің өкілдері, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы, қоғамдық кеңес пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар қорғаншылық органдары, отбасыны қолдау орталығы және психологиялық қолдау орталықтарының мамандары енді.
Дәрігерлер балаларды толық тексеруден өткізіп, психологиялық көмек көрсетті. Балаларға қашықтан оқу ұйымдастырылды. Қазір балаларды одан әрі орналастыру мәселесі қарастырылуда. ҚР оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті балаларға қатысты барлық мәселелер толық шешілгенге дейін жағдайды жіті бақылауда ұстайды, – делінген хабарламада.
Еске салайық, 9 қарашада Алматыда мыңдаған жетім баланы бауырына басқан Әмина қажы Әжібаеваның «Перзент» балалар үйі алапат отқа оранды.
