17 жастағы Дастан Сәтбаев «Дарын» сыйлығын алды

«Қайрат» футбол клубының және Қазақстан футбол құрамасының ойыншысы Дастан Сәтбаев «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алды.

Құжат мәдениет және ақпарат министрлігінің сайтында жарияланды. 17 жастағы футболшы «Спорт» номинациясы бойынша үздік атанған. Бұл номинация бойынша Қазақстан бокс құрамасының мүшесі, екі дүркін әлем чемпионы Аида Әбікееваға да «Дарын» сыйлығы берілген.

Бір айта кетерлігі, бұл сыйлыққа лайық деп танылғандар арасында белгілі әнші Еңлік пен виолончелист Бағжан Октябрь да бар.

«Дарын» сыйлығы «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Журналистика», «Халық шығармашылығы», «Қоғамдық қызмет», «Әдебиет» және «Классикалық музыка» номинациялары бойынша беріледі.

Дастан Сәтбаев – «Қайрат» футбол клубы мен Қазақстан футбол құрамасының ойыншысы. Ол биыл Лондондық «Челси» клубымен келісімшартқа отырған. «Челси» Дастан Сәтбаевты 4,3 млн еуроға сатып алған. Келісімшарт 2026 жылы – Дастан Сәтбаев 18 жасқа толғанда күшіне енеді.

17 жастағы футболшының «Челсиге» ауысуы – қазақ футболы тарихындағы ең қымбат трансфер болды. Бір айта кетерлігі, Дастан Сәтбаевқа «Челси» ғана емес, «Байер», «Бенфика» және «Реал Сосьедад» сияқты ірі клубтар қызыққан.

Дастан Сәтбаев — Қазақстан премьер-лигасындағы ең қымбат ойыншы.