Air Astana компаниясы Boeing корпорациясымен алыс қашықтыққа арналған 15 Boeing 787-9 Dreamliner ұшағын сатып алу туралы келісімшартқа қол қойды.
Бұл туралы азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Компания тарихындағы ең ірі келісімге расталған бес ұшақ, бес опцион және бес сатып алу құқығы кіреді. Келісімшарт Air Astana директорлар кеңесімен мақұлданып, қазір корпоративтік рәсімдер аяқталу үстінде.
Жаңа әуекемелер 2032–2035 жылдары жеткізіледі. Бұған дейін Air Astana 2026–2027 жылдары жеткізілетін үш Boeing 787-9 Dreamliner тапсырыс берген болатын. Осылайша, жалпы флоттағы Dreamliner ұшақтарының саны 18-ге дейін артады.
Dreamliner жайлылығы, отын үнемділігі және бағыттық икемділігімен ерекшеленеді. Бұл ұшақтар жолаушыларға қызметтің жаңа деңгейін ұсынады, – деді Air Astana компаниясының бас атқарушы директоры Питер Фостер.
Компанияның дерегінше, қозғалтқыштарымен қоса есептегенде 18 Dreamliner ұшағының жалпы құны шамамен 7 миллиард АҚШ доллар болды.
Air Astana Boeing ұшақтарын 2002 жылдан бері пайдаланып келеді. Қазіргі таңда компанияның алыс рейстерін орындауда Boeing 767-300ER ұшақтары қолданылады.
