Не болды?
Қазақстан жаппай алтын сатып алып жатыр. Ұлттық банктің 2025 жылғы дерегіне қарағанда, банктер мен жекелеген айырбастау пунктеріне жалпы салмағы 438,4 келі болатын 8 302 өлшемді құйма сатылған.
Мәлімет
Өлшемді құймалар Алматыда (5 874 дана, 71%), Астанада (600 дана, 7%) және Қарағанды облысында (460 дана, 6%) көп сатылған.
Халыққа арналған өлшемді құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкінде, сондай-ақ жекелеген айырбастау пунктерінде сатып алуға және сатуға болады. Бүгінге дейін 246 882 алтын құйма сатылған, олардың жалпы салмағы 8,6 тоннаға жетеді.
Халық арасында 10 грамдық алтын — ең танымал құйма. Оның сатылымдағы үлесі — барлық құйманың 26%-ы (63 740 дана). Одан кейін:
- 5 г — 53 978 дана (22%),
- 100 г — 50 779 дана (21%),
- 20 г — 44 707 дана (18%),
- 50 г — 33 678 дана (13%).
Әр құйма айнадай беті, микро мәтіні және бедерлі жиегі бар арнайы қаптамамен шығарылады. Бұл қорап құйманы зақымдаудан қорғайды әрі сапасына жауап береді.
Мамандар алтын құймасын сенімді инвестиция құралы жеп қарастырады. Өйткені банктер мен айырбастау пункттері алтынды сол күні-ақ кері сатып алып, клиентке ақшасын қайтара алады.
Контекст
2025 жылғы 8 қазанда алтынның бір унциясы 4 мың доллардан асып, күміс те қымбаттап, тарихи рекорд орнаған еді.
