Павлодар облысында 12 кәсіпорын заңсыз алтын өндірген

Павлодар облысында жер қойнауын пайдалану саласында бірқатар заң бұзушылықтар тіркелді. Бұл туралы облыс прокуратурасы хабарлап отыр.

Баянауыл ауданында орналасқан IBM Gold ЖШС осы жылдың басынан бері экологиялық рұқсатсыз алтын мен күміс өндірумен айналысқаны белгілі болды.

Сонымен қатар тексеру барысында жер қойнауын заңсыз пайдаланған тағы 11 кәсіпорын анықталды. Оның ішінде сегіз жағдайда пайдалы қазбаларды өндіру келісімшарттық аумақтардан тыс жерлерде жүргізілген. Кейбір келісімшарттардың мерзімі заңсыз ұзартылғаны да белгілі болды.

Мәселе облыс прокуратурасының алқа отырысында қаралды. Жиынға жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, сонымен қатар экологиялық және салықтық бақылау органдарының өкілдері қатысты.

Прокуратураның мәліметінше, бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша жаңа өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленген. Барлық заң бұзушылық бойынша іс жүргізу шаралары қабылданады.