Алматының Жетісу ауданы әкімі аппаратының тапсырысы бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, «Арбат» жүргіншілер аймағы мен Айнабұлақ шағынауданындағы Мақатаев көшесіндегі тротуар толық жаңартылды.
Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жоба Республика күні қарсаңында аяқталып, аудан тұрғындарына мерекелік сый әрі қалалық ортаны абаттандырудың бір көрінісіне айналды.
Кешенді жаңарту жұмыстары аясында 9,5 мың м² аумаққа жаңа кеспе тас төселіп, 266 заманауи жарық шамы орнатылды. Сонымен қатар 14,9 мың м² көгалдандыру жүргізіліп, ұзындығы 7,7 км автосуару жүйесі тартылды. Балалар алаңы салынып, алты жаңа аялдама кешені, 25 қоқыс жәшігі, 40 орындық, 24 вазон мен сегіз шектеу бағаны орнатылды. Жергілікті ерекшелікті айшықтайтын арт-нысандар – киіз үй пішініндегі сәндік арка мен шағынаудан атауы жазылған инсталляция да пайда болды. Балаларға арналған жарқын пиксель-алаңша жаңа отбасылық демалыс орнына айналды, — делінген хабарламада.
Бұл жоба ауданның қалалық ортасын жақсартуға, тұрғындарға қолайлы және тартымды қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған.
