Не болды?
Астана әкімдігі Республика күніне орай атаулы әлеуметтік көмек алатындарға қосымша бір реттік төлем жасайды. Төлем мөлшері 4,5 АЕК болады.
Мәлімет
Астана мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы № 84/10-VIII шешімі арқылы бекітілген Астана қаласында әлеуметтік көмек берудің, оның мөлшерін белгілеудің негізіне сәйкес әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға жылына тек бір рет мерекелік күнге ақшалай көмек беріледі.
Өтініш 25 қазанға дейін қабылданады. Төлем 25 қазанда жасалады. Тізімді Астананың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жасайды.
Бір айта кетерлігі, 2025 жылы Астанада атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны — 7,7 мың адам. Өтініш берген тұрғындарға 4,5 АЕК, яғни 17 694 теңге беріледі.
Бұл — Республика күні мерекесіне орай халықты әлеуметтік қолдау ретінде жасалатын шара.
Контекст
Естеріңізге салайық, 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, 260 мыңға жуық адамға атаулы әлеуметтік көмек беріледі.
Биыл Республика күні сенбіге түсіп тұр. Осыған орай демалыс күні дүйсенбіге, яғни 27 қазанға ауыстырылады.
