Прагада электрсамокаттарға тыйым салынатын болды

Не болды?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Прагада электрсамокат жалға беру толығымен тоқтайды. Бұл туралы The Guardian хабарлап отыр.

Мәлімет

Мұндай шешімді билік тұрғындардың көптеген шағымынан кейін қабылдаған. Себебі самокаттар жаяу жүретіндерге кедергі келтіріп, тротуар мен автотұрақтарды жаулап, жол аптына көп түскен.

Қоғамдық кеңістікті бақылаусыз қозғалыстан тазартатын нақты ережелер енгіземіз. Көбіне самокаттар қаланың орталығында туристердің ермегіне айналды, көлік ретінде емес, ойыншық ретінде қолданылды, – деп жазды X әлеуметтік желісінде билік өкілдері.

Жаңа ережелер велосипедтердің тұрақтау тәртібін де реттейді, алайда самокаттарға арналған заң мүлде қарастырылмаған. Бұл – іс жүзінде оларды жүргізуге тыйым салу дегенді білдіреді.

Неліктен тыйым салынды?

Әкімшіліктің айтуынша, тұрғындар самокаттағылар тротуар мен саябақта қатты жүретініне шағымданған. Қолданғаннан кейін азаматтар оларды кез келген жерде тастап кететін көрінеді. Сонымен қатар, билік өкілдері самокат айдайтындар арасындағы апат саны велосипедшілерге қарағанда әлдеқайда көп екенін айтады.

Прага тыйым арқылы электр және кәдімгі велосипедтерді айдау жүйесін дамытуды көздеп отыр.

Прагадағы тыйымнан бұрын

Прага электрсамокаттарын шектеу шарасын енгізген Еуропаның тағы бір қаласына айналды. Бұған дейін осындай шешім Париж бен Мадридте қабылданған, ал Финляндияда 2024 жылдан бастап 15 жасқа дейінгі балаларға самокат айдауға тыйым салынған. Италияның кейбір қаласында дулыға кию мен сақтандыру полисін міндетті түрде қолдану енген.

2024 жылы Прагаға сегіз миллионнан астам турист барған. Олардың көбі тар көшелер мен тас жолдарда жүру үшін самокат айдаған.