Алматы – электрсамокатты ең көп айдайтын қала. Электрсамокат әсіресе кептеліс кезінде ыңғайлы. Бір жағынан экологиялық таза көлік түрі. Алайда жолдағы тәртіп жағынан жолаушыларға қауіп төндіріп тұрғаны тағы бар.
Президент биылғы жолдауында электрсамокат туралы заңға өзгерісті тезірек енгізу керек екенін айтты. Заңда не өзгеруі мүмкін? Baribar.kz зерттеп көрді.

Электрсамокат қалай проблемаға айналды?

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, кейінгі екі жылда электрсамокат кесірінен болған апат көбейген. 2024 жылғы қаңтардан 2025 жылғы наурызға дейін мопед, электрлі самокат және шағын электрлі көлік құралдары жүргізушісі кінәсінен 1 597 апат тіркелген. Көпшілігі тротуарда қатты айдағаннан, бағдаршам мен жол белгілерін елемегеннен болған.

Қала тұрғындары да осы мәселе бойынша жиі шағымданады. Самокат жүргізушілері жаяу жүретіндермен бір жолақта айдайтыны жол қозғалысына кедергі келтіреді. Ал кешкі уақытта электрсамокатты жарықсыз немесе дулығасыз айдау тіпті қауіпті.

Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Екі жыл бұрын заңға жаяу жүретіндер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енген. Алайда қоғамдық орындардағы жағдай өзгере қойған жоқ, әлі де азаматтарға қауіп-қатер төніп тұр, — деді мемлекет басшысы жолдауында.

Қазіргі ереже қандай?

Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Заң бойынша, электрсамокат айдайтындар велосипед жолымен немесе шарттар мен тыйымдарды сақтай отырып, жолдың оң жақ шетімен жүреді. 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана самокат айдай алады. 2023 жылы қабылданған заң бойынша, электрсамокат көлік құралы ретінде ресми тіркелді. Тротуарда тек 6 км/сағ дейінгі жылдамдықпен және жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмей қозғалуға болады. Электрсамокат айдағанда дулыға кию, жарық шамдары мен шағылыстырғыш элементтер қолдану міндетті.

Алматы қандай шара қабылдады?

Алматы әкімдігі самокат жалға беретін компаниялармен арнайы меморандумға қол қойды.

Меморандумда самокаттың жылдамдығы 25 км/сағ-тан аспауы, 16 жасқа дейінгі балаларға жалға берілмеуі, жаяу жүретіндер аймағында автоматты түрде жылдамдық шектелуі (GPS арқылы) және арнайы тұрақ орындарын көбейту міндеті бар.

Биылғы тамызда ішкі істер министрлігі самокат жалға беретін компаниялардың жауапкершілігін қатаңдату туралы мәселе көтерді. Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында кикшериң компаниялар меморандумда берген  уәдесін орындамай отырғанын айтқан.

Компаниялар басшысы кезінде самокат тротуарда жүрсе, жылдамдық 6 км/сағ-тан аспайды деп уәде берген. Алайда ол орындалып жатқан жоқ. Сондықтан оларға заң аясында шара қолданамыз. Бәріңіз көріп жүргендей, жүргізушілер самокатты көрінген жерге тастап кетеді. Бұл жаяу жүретіндерге кедергі келтіреді, жалпы бұл жағынан тәртіп жоқ, — деген еді Қайсар Сұлтанбаев.

Дегенмен бұл шаралардың өзі жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отыр. Себебі бақылау мен жауапкершілік деңгейі әлі де төмен.

Енді не өзгеруі мүмкін?

Жолдаудан кейін ішкі істер министрлігі мен парламент электрсамокаттарға қатысты жаңа түзетулер пакетін дайындап жатыр. Заң жобасына енетін түзетулер әлі жарияланбады. Алайда жаздан бергі жұмысты ескеріп, мынадай болжам жасауға болады:

  • тротуарда жүруге толық тыйым салу;
  • жергілікті әкімдіктерге самокат айдау аймақтарын өз бетінше белгілеу құқығын беру;
  • кикшериң қызметтеріне арнайы аймақтар мен жылдамдық шектеуін енгізуді міндеттеу;
  • әкімшілік жауапкершілікті күшейту, жол ережесін бұзғандарға айыппұл салу.

Алматы тәжірибесі: қауіп самокаттан еліп жатыр ма, мәдениеттен бе?

Алматы сияқты мегаполисте жол кептелісі кезінде электрсамокат айдау тұрғынның уақытын үнемдеп, қаланың экологиясына да ластамайды. Жол қозғалысындағы қауіп электрсамокаттың өзінен емес, айдау мәдениетінің жоқтығынан туындап отырған болуы мүмкін.

Жүргізуші куәлігі жоқ жастар, ережені білмейтін азаматтар немесе асығыс болып тротуарда жүйткіп жүргендер қоғамдағы тәртіпті бұзады.
Заңға түзету енгізуден бөлек, самокат айдау мәдениетін қалыптастыру да — жол қозғалысын тиімді ұйымдастырудың маңызды бөлігі.

Дана Маратова