Ерекше баласы бар отбасында, әдетте ананың бейнесі басым болып тұрады. Ал әке рөлі көбіне көлеңкеде қалып жатады. Сол көлеңкеде қоғамдағы түрлі көзқараспен күресіп жүрген әкелер де бар. Baribar.kz тілшісі ерекше баланың әкесі Нұрлан Бектаевпен әкенің отбасы институты мен қоғамдағы рөлі туралы әңгімелесті.

Әдетте, ерекше баласы бар отбасында көбіне ананың жүктемесі артып кетеді. Нұрлан Бектаевтің айтуынша, отбасындағы еңбек пен жауапкершілікті әділ бөлу – гендер теңдігінің бастауы. Қоғамда жауапкершіліктен қашып, отбасын тастап кететін әкелер жиі кездеседі. Мұндай оқиғаның көбеюі – отбасының ғана емес, қоғамның да күрделі мәселесі.

Ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар кейде күйеуіне рақмет айтып, оны қаһарман етіп көрсетеді. «Мені тастап кетпеді, сау бала тумағаным үшін кінәламады» дейді. Әйелдің шын көңілден шыққан алғысына қарап, күйеуіне сүйсінеміз. Алайда осының өзі қоғамда қалыптасқан таптаурынның көрінісі емес пе? – дейді Нұрлан Бектаев.

Оның айтуынша, ер адам қиын сәтте отбасынан бас тартпай, сүйеу бола білсе, бұл қаһармандық емес, оның кәдімгі міндеті. Ал әке бейнесінен «суперқаһарман» жасайтын — өзіміз.

Нұрлан Бектаев
Нұрлан Бектаев. Фотоны жеке архивінен ұсынды

Сау баласы мен әйелін тастап кетіп, алименттен жалтарып жүрген әкелер бар. Қоғам осыны жиі көріп, бұл құбылыс үйреншікті нәрсе боп қалғандықтан, әкенің отбасында қалуы, әйелі мен балаларына қамқор болуы «ерлік» сияқты көрінеді,  – дейді ол.

Қоғамда кең тараған «еркек жыламайды», «Бала тәрбиесі – әйел ісі» деген түсінік ерлердің эмоциясын, мейірімін жасыруға тырысады. Мұндай көзқарас ер адамның отбасындағы рөлін толық сезінуіне кедергі келтіреді.

Нұрлан Бектаев «әкенің бәрі нашар» деген біржақты пікірге де қарсы.

Әлеуметтік желіде, түрлі чатта отырамын. Баласы үшін жұмысын, кәсібін тастап, жаңа білім алып, ерекше балалармен жұмыс істейтін орталық ашқан әкелерді танимын. Чатта белсенді болып, білген ақпаратын айтып отыратындар да жетерлік, – дейді әке.

Нұрлан Бектаевтің әйелі – ерекше бала күтімі мен денсаулығына қатысты білімі мен тәжірибесі көп маман.

Мамандығым журналист болғандықтан, көпшіліктің арасында жүріп, отбасыдағы теңдік туралы насихат жасауға тырысамын. Кейде келіншегіме «Сен сөйле, сен айт» деп ұсыныс білдіремін. Алайда уақыт бола бермейді, — дейді ол.

Нұрлан Бектаев қоғамда әкеге қатысты қасаң қағидаларды өзгерту үшін әуелі әкелердің көзқарасын өзгерту керек екенін айтады.

***

Тағы оқыңыз:

«Қоғам аутизмі бар баланы жиі көрсе, мейірімді бола түседі». Ерекше баланың анасымен сұхбат