Тоқаев пен Әлиевке Орта дәлізді дамыту жобасы таныстырылды

Бүгін Ақордада Қазақстан президентінің кеңесшісі Әсел Жанасова Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке Орта дәлізді дамыту жобасын таныстырды.

Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.

Кеңесші екі ел басшыларына қазақ және әзербайжан мамандарының Орта дәлізді дамыту бағытында атқарып жатқан жүйелі жұмыстары туралы баяндады.

Қазақстан президентінің кеңесшісі Әсел Жанасова Орта дәлізді дамыту жоспарын таныстырды. Бұл – Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерін Еуропа елдерімен байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық бағыт, – делінген хабарламада.

Мәлімет бойынша, Қытайдан Әзербайжанға тасымал көлемінің артуы Орта дәліздің дамуына жаңа серпін береді. Қазіргі таңда жүк Қытай шекарасынан Грузия порттарына дейін 15–18 күнде жеткізіледі. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай бұл бағыттағы жүк айналымы үш есе ұлғаюы мүмкін.

Мемлекет басшылары Орта дәліздің тиімділігін арттыру, оның бәсекеге қабілеттігін күшейту және Еуразиядағы транзиттік рөлін нығайту жөніндегі нақты шаралармен танысты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да