Жұмыссыз қалған адам әлеуметтік төлемді қалай алады?

Не болды?

2025 жылғы 1 қазанда еліміздегі жұмысынан айырылған 285,2 мың адамға 95 миллиард теңге төленді. 240,5 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Қаржы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) берілді. Бұл туралы еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.

Мәлімет

Заң бойынша, бір айдан алты айға дейін жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем беріледі. Ол бұған дейінгі ай сайынғы табысының 45%-на тең. Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған азамат:

  • eGov.kz порталында тіркеледі;
  • «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдайды;
  • онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтырады және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жібереді.

Оған бір күн ішінде тұрғылықты жеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі.

Бұл қызметті онлайн режимінде электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы өтініш болған кезде еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесі қызмет көрсетуге келісу үшін мобайл телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады. Ол жұмыссыз адамды жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған, – деп ескертеді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.