Алматыда академик Шора Сарыбаевтың мерейтойы атап өтілді

Не болды?

Алматыда 10 қазан күні Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шора Шамғалиұлы Сарыбаевтың туғанына 100 жыл толғанына арналған халықаралық конгресс өтті.

Мәлімет

Екі күнге жоспарланған конгресс жаһандану дәуіріндегі тіл ғылымы, филология және түркітанудың өзекті мәселелерін талдады. Іс-шараға қатысушылар түркі жұртына ортақ мол мұра қалдырып кеткен академиктің филология саласына сіңірген еңбегі ерен екенін естеліктермен еске алды. Мерейтой қарсаңында жарық көрген ғылыми еңбектер таныстырылды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің құттықтауын жеткізді.

Президенттің құттықтауы

Президент «Жаһандану дәуіріндегі тіл ғылымы, филология және түркітанудың өзекті мәселелері» атты халықаралық конгреске қатысып жатқандарды Шора Сарыбаевтің туғанына 100 жыл толғанына құтты болсын айтты.

Шора Сарыбаев — тіл ғылымын дамытуға, оның тарихын зерттеуге айрықша еңбек сіңірген ғибратты ғалым. Ол ана тіліміздің көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосты. Әйгілі академик қазақ тілінің аймақтық сөздігін құрастыру жолында арнайы экспедициялар ұйымдастырып, іргелі зерттеулер жүргізді. Қазақ және түркі тілдерінің диалектологиялық атласын жасауға ат салысты. Тіл білімінің библиографиясын әзірледі. Көптеген мақала, 20-ға жуық монография мен оқулық жазды. Ғалымның еңбек жолын ұлттық ғылымға деген адалдықтың озық үлгісі деуге болады. Тұғырлы тұлғаның қайраткерлігі мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым өнеге болары сөзсіз. Бүгінгі басқосуда Шора Шамғалиұлы Сарыбаевтің қажырлы қызметі мен мол мұрасы туралы салмақты ой-пікірлер айтылады деп сенемін. Конференция жұмысы жемісті болсын, — делінген президенттің құттықтау хатында.

Жарық көрген еңбектер

Академиктің мерейтойы қарсаңында

  • Ш.Х. Сарыбаевтың «Қазақ тілін оқыту әдістемесі мен мақалалар жинағы»;
  • академиктің ғылыми мұрасын талдаған тілтанушы ғалымдардың мақалалары, әріптестері мен шәкірттерінің естеліктері, ой толғамдары, ғалымның фотосуреттері мен архивтік құжаттары жинақталған «Ғалым. Ғылым. Ғибрат» кітабы;
  • қазақ тіл білімі саласына арналған «Қазақ тілтанымының өзекті мәселелері» ғылыми еңбектерінің жинағы;
  • Майра Сарыбайдың «Филологтің әлемі. Шора Сарыбаев» атты биографиялық ғылыми-еңбегі көпшілікке таныстырылды.

Жастарға сенім

Қазір — жасанды интеллектінің дамыған заманы. Кез келген тіл тірі қалуы үшін сол цифрлы әлемге көшуі керек. Жастарымыз күн сайын заман талабына сай жобалар ойлап тауып, тіліміздің жаңа ортаға бейімделуіне көмектесіп жатыр. Олай болса, үлкен буынға уайымдамаңыздар дейміз, біз сенетін жастар үмітті ақтайды,- деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Саясат Нұрбек
Фото: Ақерке Елемес

Мерейтой деген той тойлау емес…

Профессор Жансейіт Түймебаев мерейтой ой ойлау болуы керек екенін айтты.

Шора Сарыбаевтің тіл білімі саласында сіңірген ерен еңбегі бәрімізге белгілі. Халықаралық деңгейде өтіп жатқан конгресс бізге тек қуаныш сыйлайды. Бірақ мерейтой деген той тойлау емес, ой ойлау болуы керек. Келіп отырған жастар бірдеңе түюі керек. Бұл жай ғана жиын емес, академикке қатысты 100 жылдық тарихты қорытындылайтын жиын болуы керек, — деді әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансейіт Түймебаев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да