Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақ спорт және туризм академиясының студенті, жас қақпашы Шерхан Қалмырзамен жүздесті.
Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Кездесуде министр бұқаралық спортты дамытудың және жастардың сапалы білім алуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысы бұқаралық спортқа айрықша көңіл бөледі. Балалардың амандығы мен денсаулығы – елдің болашағы үшін маңызды. Жастарды жан-жақты қолдап, олардың әлеуетін ашу — біздің басты мақсатымыз. Спортшылар халықаралық стандарттарға сай білім алуға тиіс, бұл оларға спорттық мансабынан кейін де табысқа жетуге мүмкіндік береді, – деді Саясат Нұрбек.
Министр жас спортшыны тарихи жетістігімен құттықтап, алдағы ойындарда сәттілік тіледі.
Кездесу барысында Шерхан Қалмырзаға Қазақ спорт және туризм академиясы ректорының гранты табысталды. Академия басшылығы дарынды жастарға қолдау көрсету әрі олардың бастамаларын дамыту бағытында жұмыстар жалғасатынын айтты.
Шерхан Қалмырза көрсетілген сенім мен қолдау үшін алғысын білдіріп, Қазақстандағы футболдың дамуына үлес қосуға дайын екенін жеткізді.
Естеріңізге салайық, кәсіпкер Ұлықбек Шәріпов ойындағы шеберлігі үшін қақпашы Шерхан Қалмырзаға көлік сыйлаған еді.
Шерхан Қалмырза 30 қыркүйекте Орталық стадионында өткен матчта жеті сейв жасады. Бұл ойында «Қайрат» командасы «Реал Мадридтен» 0:5 есебімен жеңіліп қалған еді.
