8 қазан: Алматыда жылыту маусымы ерте басталады

Не болды?

Биыл Алматыда жылыту маусымы ерте басталады. Бұл туралы Алматы әкімінің коммуникация және БАҚ-пен жұмыс бойынша кеңесшісі Ильзат Ақчурин мәлімдеп отыр.

Мәлімет

8 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарға жылу беріледі. Тұрғын үйлер орталық жылу жүйесіне 10 қазаннан бастап қосылады.

Ауа температурасы күрт төмендегендіктен, қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жылыту маусымын әдеттегіден ертерек бастау туралы шешім қабылданды. Алматы 8 қазаннан бастап орталық жылыту жүйесіне қосыла бастайды,- деп жазды Ильзат Ақчурин.

Жылу ең әуелі балабақша, мектеп және аурухана сынды әлеуметтік нысандарға беріледі.

Оның айтуынша, «АлЖЖ» компаниясы айналым режимін іске қосты. Бұл қажет болса, барлық ауданға жылуды жедел қосуға мүмкіндік береді.

Кәсіпорын қысқы кезеңге толық дайын. 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымында 16 апаттық және жөндеу бригадасы, жалпы 220 маман мен 56 техника тәулік бойы кезекші болады, — делінген хабарламада.