Не болды?
Биылғы 19 тамызда Абай облысы, Үржар ауданы, Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші алты баланы қағып кеткен еді. Ауруханада комада жатқан қыз қайтыс болды. Бұл туралы Tengrinews.kz жазып отыр.
Мәлімет
Айзере Дәулет 26 қыркүйек күні сағат 15:30-да қайтыс болғаны тіркелді. Оның жерлеу рәсімі 29 қыркүйекте өтті. Ата-анасының өтініші бойынша, бұдан басқа ақпарат берілмейді, — делінген жергілікті денсаулық сақтау басқармасының ақпаратында.
Контекст
19 тамыз күні сағат 16:00 шамасында Абай облысы, Үржар ауданы, Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші рульге ие бола алмай, қақпа алдында ойнап жүрген балаларды қағып кеткен.
Екі бала оқиға орнында қаза болды, біреуі ауруханаға барар жолда көз жұмды. Тағы үш жасөспірім түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
20 тамызға қараған түні Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, балаларға медициналық көмек беру үшін қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік авиациясының ұшағымен медициналық бригада ұшып барды.
Денсаулық сақтау министрлігі балалардың хәлі ауыр деп отыр.
Балалардың жасы — 2-9 жас арасында.
Жүргізушінің ұлы Ерқанат Серікұлы әкесінің жүрек талмасы ұстап қалғанын айтқан еді.
Алты жастағы Ерәділ мен тоғыз жастағы Айерке Астанадағы №2 көпбейінді балалар ауруханасында емделді. Қазір екеуі де үйіне оралып, қалпына келіп жатыр.
