Алматыда көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына бақылау күшейеді

Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Бостандық ауданындағы салынып жатқан тұрғын үй кешендерін аралап көрді.

Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Ол құрылыс компанияларының басшылығына бекітілген эскиздік жобаларға қатаң сәйкес жұмыс жүргізудің маңызын атап өтті.

Тұрғын үй кешендерінің құрылысы бекітілген жобаларға сай болуға тиіс. Сіздер тұрғындарға не уәде бердіңіздер, соны орындауларыңыз қажет. Әйтпесе, үйлер пайдалануға берілмейді, – деді Бейбіт Шаханов.

Сонымен қатар әкім орынбасары барлық инженерлік желі техникалық шарттарға сай келіп, тек коммуналдық қызметтердің балансына тапсырылуы қажет екенін айтты.

Кейінгі кезде құрылыс салушылар инженерлік желілерді басқарушы компанияларға өткізіп, кейін олардан бас тартатын жағдайлар жиілеп кетті. Мұның салдары – тұрғындар үшін қосымша шығын, ал қалалық қызметтер бұл мәселелерді өз күшімен шешуге мәжбүр. Мұндайға жол берілмейді, заң бұзған компанияларға қатаң шаралар қолданылады, – деді ол.

Аралау қорытындысы бойынша тиісті басқармаларға осы бағыттар бойынша бақылауды күшейту, сонымен қатар тұрғын үй кешендерін пайдалануға беру алдында абаттандырудың, көгалдандырудың және ғимараттарды жарықтандырудың сапасын тексеру тапсырылды.