Президент Нұрғиса Тілендиев ескерткішінің ашылуына орай құттықтау жолдады

Алматы облысында халық қаһарманы, біртуар композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай Өтеген батыр ауылында еңселі ескерткіш орнатылып, жаңа мәдениет үйі ашылды.

Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Салтанатты іс-шараға ҚР мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған құттықтау хатында Нұрғиса Тілендиевтің қазақ өнері мен мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.

Нұрғиса Тілендиев өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Оның есімі қазақ мәдениетімен бірге мәңгі жасай береді, – делінген хатта.

Министр Аида Балаева да ұлы композитордың артында мол мәдени мұра қалдырғанын айтып, мерейтой аясында Қазақстанда ғана емес, шетелде де ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып жатқанын жеткізді. Биылғы жылы ТҮРКСОЙ ұйымы 2025 жылды «Нұрғиса Тілендиев жылы» деп жариялап, Түркия, Франция, АҚШ, Қытай және басқа да елдерде концерттер, көрмелер мен шығармашылық кештер өтті.

Жиынға қатысушылар 400 орындық жаңа мәдениет үйін аралап, арнайы концерт тамашалады. Белгілі мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов жасаған ескерткіштің жалпы биіктігі 4,35 метр болды.

Жаңа ескерткіш пен мәдениет үйінің ашылуы – Нұрғиса Тілендиевтің ұлт руханиятындағы мәңгілік орнын айшықтайтын тағылымды іс-шара болды.