«Бәрін жасап жатырмыз». Сархат Бейсенова астаналықтарға үндеу жасады

Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова астанадағы эпидемиология жағдайына байланысты тұрғындарға үндеу жасады.

Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Бүкіл әлемде COVID-19 эпидемиология жағдайын тұрақтандыру үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр, оның ішінде халық арасында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру бар. Ұжымдық иммунитеттің оңтайлы деңгейіне қол жеткізу үшін қала халқының кемінде 60%-ін COVID-19-ға қарсы вакцинамен қамту қажет. Бүгінде өзін-өзі оқшаулау және басқа да шектеу шараларының балама шешімі – вакциналау болып отыр, — деді Сархат Бейсенова.

Қаланың бас санитары Нұр-Сұлтан тұрғындарының 14,3%-і COVID-19-ға қарсы вакцинаның бір дозасын алғанын айтты.

Демек, біз жаппай иммунитетке қол жеткізуге біртабан жақындап, COVID-19-ды жеңудеміз. Біз вакцинаны қала тұрғындарына қолжетімді ету үшін бәрін жасап жатырмыз. Осы орайда, мен баршаңыздан бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктерімізді сақтап, жаңа қалыпты жағдайға оралу үшін вакцина алуға шақырамын. Сондай-ақ, тұрғындардан бұқаралық іс-шараларға, акцияларға және ұтыс ойындарына қатыспауларыңызды өтінемін. Мұндай шараларды тек онлайн режимінде ұйымдастыруыңызды сұраймыз, өйткені қала бұрынғысынша «қызыл» аймақта орналасқан, — деді ол.

Айта кетейік, мамыр айының басымен салыстырғанда 100 мың тұрғынға шаққандағы апталық сырқаттану көрсеткіші 210-нан 110-ға дейін төмендеді. Бір аптада СOVID-19 бойынша 1 315 жағдай тіркелді, сырқаттану көрсеткіші алдыңғы аптадан 18%-ға төмен.

9 маусымдағы жағдай бойынша астана халқының 9,4% немесе 111 683 адам екі компонентті толық алды. Бірінші компонентпен 169 632 адам немесе 14,3% қамтылған.