Алматының қай өзен-көлінде суға түсу қауіпті?

Ерлан Әлібековтің айтуынша, суға шомылу маусымы басталысымен қаладағы Сайран көліне екі адам батып кеткен. Қайғылы жағдай адамдардың ішімдік ішіп, тыйым салынған жерге суға шомылуы себепті болған.

Бірінші жағдай 3 мамыр күні болды. Ішімдік ішкен адам тыйым салынған белгіге қарамастан, суға шомылған. Екінші адам да ішімдік ішіп, суға шомылған. Қазір құтқарушылар жағалаудағы адамдарға суға шомылу бойынша қауіпсіздік шараларын түсіндіріп жатыр, — деді ол.

Сонымен бірге төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары қаладағы қауіпті суға түсу орындарын атап, тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға үндеді.

Таулы жердегі суға шомылмаған жөн, ол жер тайғақ келеді. Адамдар құлап, мертігеді немесе суға батып кетіп жатады. Сондай-ақ Түрксіб ауданында «Аэропорт» аталып кеткен өзен бар. Ол жер қазір адамдардың суға шомылуына дайын емес, сондықтан тыйым салынған. Осы аудандағы «Қайрат» өзені де адамдардың шомылуына қауіпті. Қазір қала бойынша Сайран көлінің рұқсат етілген бөлігіне ғана суға шомылуға болады. Қазір Құтқару қызметі бұл аумақтарда рейд жүргізіп, күнде тексеріп отырады, — дейді Ерлан Әлібеков.

Айта кетейік, мұның алдында Алматының қай өзен-көліне шомылуға рұқсат берілгенін хабарлаған едік.