Премьер-министрдің орынбасары баспасөз мәслихатында қарияның екі баласының соққыға жығылуы туралы түсінік берді.
Олар ұсталды. Қазіргі кезде тергеу жүріп жатыр, олардың қалай жазаланатыны тергеу аяқталып, сот үкімі шыққанда анықталады. Кеше бізге полицейлерді ұрып-соққандар туралы да сұрақ қойылды. Олар да ұсталды. Ұсталғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр, — деді Бердібек Сапарбаев.
Бұған дейін блогер Азамат Ерғали Масанчи ауылында соққыға жығылған зейнеткердің Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханада жатқанын хабарлаған еді.
Атамыз сау, жағдайы мәз емес. Біраз соққы жеген. Операцияға дайындалып жатқан атаның жағдайы қиын болғанымен, біздің Төлеген ата халықтан өшікпеуді сұрады. Бейбітшілік болса дейді. Ешқандай өш алу керегі жоқ екенін айтты. Біздің аталарымыздың жомарттығы бұл. Соларға құлақ асайық, — деді ол.
7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болып, арты жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Көп ұзамай құқық қорғау органдары жағдайды тұрақтандырды. Оқиға салдарынан сегіз адам қаза тапты, әуелі 40-тан астам адам жараланғаны, кейін дәрігерлерге 170 адам көрінгені хабарланды. 30-дан астам үй, 15 сауда нысаны мен 20-дан астам автокөлік өртенген. Жергілікті тұрғындардың бір тобы Қырғызстан аумағына өтіп кеткен. Ішкі істер министрлігі оқиғаның себебі мен негізгі арандатушысы анықталғанын мәлімдеді.
