Масанчи тұрғындары: 140 жылдай тату өмір сүріп жатырмыз

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ақсақалдардың жастармен рухани тәрбие жұмысында кемшілік бар, осының салдарынан тұрмыстық кикілжің барша жұртқа жария болған оқиғаға айналды деген тоқтамға келді.

Ақсақалдар аталған елді мекендерді қамтитын бірлескен Ақсақалдар кеңесін құру туралы келісімге келді. Бұл ауылдардағы тұрмыстық проблемаларды ауыл ақсақалдары ортақ кеңесте шешпек. Олар жастармен жұмыс жүргізіп, Қордай ауданында тұратын барлық ұлттың арасында бірлік рухын нығайту үшін бірлескен ойын-сауық шараларын ұйымдастыруға міндеттеме алды.

Біз бала кезден доспыз, бірге өстік, бірге жұмыс істедік, қайғыда да, тойда да бірге жүреміз. Жастар бір-бірімен араласуы керек, сонда олар бір-біріне жақындай түседі. Біз 11 ақпанда Сортөбеде бас қосуға келістік. Біз өз ақсақалдарымызды, олар өз ақсақалдарын алып келеді. Алдағы уақытта қайталанбауы үшін туындаған барлық мәселені талқылаймыз, — деді қоғам қайраткері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов.

Масанчи тұрғындары
Фото: Primeminister.kz

Масанчи ауылының тұрғыны Луу Исхар да қоғамда бірліктің сақталуына қатысты ойын айтты.

Үстел басында бас қосып, мәселеге нүкте қою үшін барлық құрметті ақсақал жиналады. Арғы күні Масанчиде мешітте бас қосамыз. Неге мешітте? Біз барлығымыз мұсылманбыз, достықты нығайтып, Құран оқып, осындай жағдайлар қайталанбауы үшін бата беруге мешітте жиналамыз. 140 жылдай тату өмір сүріп жатырмыз, адамдық қасиеті жоқтардың кесірінен осындай жағдай болды. Бұл біз үшін өте айыпты жағдай болды. Біз бұл мәселелердің бәрін шешуге тырысамыз, — деді ол.

Осы ауданнан шыққан кәсіпкерлер туған өлкесін қалпына келтіру мен дамытуға қаржылай және материалдық көмек беруге ниет білдірді.

Мені туған ауылымның жағдайы қатты толғандырады. Мен мұнда балабақша, спорт кешенін салдым. Қазір сауықтыру орталығын салып жатырмын. Бизнесмендерді туған ауылдарын абаттандыруға шақырамын. Өкінішке қарай, бұл — бұрыннан бар мәселе. Ағартушылық жұмыс жүргізіп, бірлескен мәдени-бұқаралық шаралар өткізіп, жергілікті халықтың басын біріктіру керек, — деді бизнесмен, Қаракемер ауылының тұрғыны Қайрат Молдасейітов.

Масанчи тұрғындары
Фото: Primeminister.kz