7 ақпанда сағат 19.00-да Жамбыл облысы полиция департаментінің кезекші бөліміне «Қордай ауданындағы Масанчи ауылында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр» деген ақпарат келіп түсті. Заңсыз әрекетті тоқтату үшін оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу жіберілді. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан. Салдарынан басқа ауылдардан келген 300 азамат төбелеске қосылып кетті. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, қару қолданды. Салдарынан сегіз адам қайтыс болды, 40-тан астам адам жарақат алды, — Ерлан Тұрғымбаев.

Зардап шеккендер арасында полицейлер де бар, екеуіне оқ тиген. Жағдайды тұрақтандыру үшін оқиға орнына ішкі істер органдарының қосымша күші жіберілді. Сонымен бірге Масанчи ауылына Ішкі істер министрінің орынбасары мен Бас прокурордың бірінші орынбасары барды. Жедел тергеу тобы құрылып, адам өлімі, бұзақылық деректері бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. 47 адам ұсталды, олардан екі атыс қаруы тәркіленді. Қылмыстық кодекстің «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру мен оған қатысу» және «Кісі өлтіру» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Оқиға салдарынан Масанчи, Ауқатты, Бұлан батыр ауылдарында алдын ала мәлімет бойынша 30-дан астам үй, 15 сауда нысаны мен 20-дан астам автокөлік өртенген.

7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылында жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болды. Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда әуелі тұрғындардың бір тобы полицейлерге шабуыл жасаған, арты іргелес ауыл тұрғындары арасындағы жаппай төбелеске ұласқан. Қазір жағдайды полиция тұрақты бақылауға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиға бойынша мәлімдеме жасады.