Биыл Қазақстан халқының саны 18,4 миллионға жетті. Азаматтар саны былтырғыдан 1,3%-ға көп, бірақ 2010-2017 жылдары демографиялық өсім 1,4%, 2014-2015 жылдары 1,5% болған.
Еnergyprom.kz мәліметінше, елімізде дүниеге келген 390,3 мың сәбидің үштен бірі (2018 жылдың соңындағы мәлімет) — отбасындағы тұңғыш, тағы 29,2%-ы — отбасындағы екінші бала. Халық саны көбеюі үшін елдегі әр отбасында кем дегенде үш баладан болуы керек.
Зерттеушілердің мәліметіне қарағанда Қазақстандағы үй шаруашылықтарының 54,3%-ында ғана бала бар. Оның 28,1%-ында 3 не одан да көп бала болса, 8,5%-ы ғана 4 және одан көп бала өсіріп отыр.
Сарапшылар елімізде туу көрсеткіші соңғы үш жыл қатарынан азайып келе жатқанын есепке алған. 2017 жылдың қорытындысы бойынша туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 21,6 сәбиден келіп отыр. Үш жыл қатарынан табиғи өсім де төмендеген, өткен жылдың басында республикадағы 1000 адамға шаққанда 14,5 адам болды.
2017 жылы неке саны мың адамға шаққанда 7,9 болды, 2016 жылы көрсеткіш 8 болған, ажырасу көрсеткіші 2017 жылы мың адамға шаққанда 3 болды, 2016 жылы 2,9 болған.