Көпбалалы отбасыларға баспана қай кезден бастап беріледі?

Үкімет басшысы облыс әкімдеріне тұрғын үй құрылысын және оған қажет инфрақұрылымды одан әрі дамытуды тапсырды.

ипотека пәтер баспана
Иллюстрация: Dribbble.com ©Mary Kotyshova

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин көпбалалы отбасыларға баспана қай уақыттан бастап берілетінін айтты.

Үкімет отырысында Премьер-министр әкімдерге тұрғын үй құрылысын одан әрі дамытуды тапсырды.

Биыл біз 13 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруіміз керек. Әкімдерге жер телімдерін бөлу мен инфрақұрылым жүргізу бойынша жұмыс қарқынын арттыру қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үй құрылысында бірыңғай сәулет келбетін сақтауымыз керек. Бұл тапсырма тек Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында орындалып отыр. Басқа өңірлерде бұл жұмыс енді ғана қолға алына бастады, – деді Үкімет басшысы “Нұрлы жер” және “7-20-25” бағдарламаларының іске асырылуы талқыланған отырыста.

Премьер-министр Президенттің тапсырмасымен “Нұрлы жер” бағдарламасы өзгертілгенін еске салды.

Баспанамен бес жыл ішінде шамамен 6 мың көпбалалы отбасы қамтылады. 1 мамырдан бастап мұқтаж адамдарға пәтер бөлуді бастаймыз. Екі жыл ішінде Мемлекет басшысының әлеуметтік бастамалары бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 22,5 мың отбасы жеңілдетілген несие алады, – Асқар Мамин.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, көпбалалы отбасыларға жалға берілетін баспана салу мен сатып алу үшін өңірлерге 50 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Жеті жылда 350 миллиард теңге бөлінеді.

Бұл жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасыны пәтермен қамтуға мүмкіндік береді. Жеті жылда 40 мыңнан астам пәтер беріледі, – деді министр.

Еске салайық, Нұрсұлтан Назарбаев “Нұр Отан” партиясының XVIII съезінде “Нұрлы жер” бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін 40 мыңнан астам пәтер салуды тапсырған еді. Бұл мақсатқа жылына 50 миллиард теңгеден бөлінеді. Президент сонымен бірге Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы көпбалалы және мүгедек баласы бар табысы аз, толық емес отбасыларға 2-3%-дық тұрғын үй қарызын беруді де тапсырды.