SPF қорғанысы — жыл бойы ескеретін ереже

SPF (Sun Protection Factor) — Күннен қорғау факторы. Сәулелер толқын диапазонына байланысты А, В, С деп бөлінеді. Оның қай қайсысынан да қорғану керек. Өйткені Күннен таралатын ультракүлгін сәуле терінің қартаю процесіне себеп болады. Оны «фотоқартаю» деп атайды.

Ультракүлгін сәуле терінің шымырлығы мен ылғалдығын төмендетіп, ондағы гиалурон қышқылы мен коллагенді бұзады.

Ультракүлгіннің С дәрежесі терінің қатерлі ісігін, яғни меланоманы тудыруы мүмкін. Сондықтан оның алдын алу үшін SPF қорғанысының болуы маңызды.

Қай мезгілде болсын, қай жаста болсын Күн сәулесінен қорғану керек. Көктемде де, қыста да, жаңбырлы кезде де, ашық күнде де ультракүлгінге қарсы SPF қорғанысы болғаны жөн. Ол үшін барлығы SPF-крем немесе Күнге қарсы қорғанысы бар косметиканы пайдаланған абзал.

SPF дәрежесі 10, 15, 20 деп 100-ге дейін барады. Ультракүлгін сәуледен күнделікті қорғану үшін SPF дәрежесі 30 не 50 деген кремді пайдалану керек. Мұндай кремнен соң реңк беретін (тональный) кремді қолдансаңыз, оның да құрамында SPF болғаны жөн. Ол адамның жас көрінуіне кепіл болады.

Жұлдыз Нұрғалиева
Жұлдыз Нұрғалиева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Көктемде бетті қалай күту керек?

Мен үнемі «теріге жылы кезде су, ал салқын кездері тамақ беру керек» деп айтамын. Себебі тері ағзамыз сияқты қыста құнарлы, майлы тамақпен қоректендіруді қажет етеді. Ал көктемде күн жылыған кезде ағзаны сумен көбірек қамтамасыз еткен дұрыс. Сондықтан көктемде ылғалдандыратын крем мен сарысуды қолдануымыз керек.

Күнделікті күтім қандай болғаны жөн?

Төрт басты кезең бар: сусіңіргіш (гидрофил) маймен тазалау, гельмен тазалау, тоникпен сергіту, ылғалдандыру. Бет күтімін 17-18, тіпті, 16 жастан бастау керек. Себебі қазіргі таңда экология ахуалы нашар, қоршаған ортадағы шаң-тозаң көп.

Күнде кешке күтімді сусіңіргіш майдан бастайсыз. Оны шербет не бальзам деп те атайды. Гидрофил майды терінің типіне байланысты таңдау керек. Оны пайдалану маңызды. Себебі SPF-ті кетіруде оның пайдасы зор.

Екінші кезең — терінің типіне қарай бетті гельмен тазалау. Гельмен бетті жуған соң тері құрғап, тартылып тұрғандай болмауы керек. Сондықтан құрамы түсініксіз, тым арзан гельдерді қолданбаған жөн. Ол үшін маманмен кеңесу қажет.

Үшінші кезең — теріні тоникпен сергіту. Бұл кезеңді елемеуге болмайды. Себебі ол — крем мен сарысудың сіңуіне жол ашатын құрал. Ол болмаса, ерте қартаю қаупі артып, 20 жастан кейін-ақ әжім пайда болуы мүмкін.

Төртінші кезеңде теріні қоректендіріп, ылғандыру үшін крем мен сарысуды қолдану керек. Крем мен сарысудың айырмашылығы неде? Сарысудың молекуласы өте ұсақ, ол эпидермистің қабатына терең кіріп, әжімді болдырмайды. Ал крем теріні ылғалдандырып, қорғайды. Кұрамында гиалурон қышқылы бар жеңіл болғаны жақсы. Сондықтан оларды міндетті түрде үнемі жағып жүру керек.

Ал түнде ұйықтар алдында көздің айналасына арналған крем қолданған жөн. Бұл — 20 жастан кейін әжімді болдырмаудың тиімді жолы.

Жұлдыз Нұрғалиева
Жұлдыз Нұрғалиева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

D витаминінің мөлшерін тексеру не үшін маңызды?

Қыстан шыққан соң көбінде әлсіреу, тітіркену, тез шаршау белгілері пайда болса, міндетті түрде D витаминінің мөлшерін тексеру керек. Әсіресе, көктемде D витаминінің аздығынан тері жиі құрғайды. Оның мөлшерін кез келген зертханада анализ тапсырып, білуге болады. Егер нәтижесінде D витамині жеткіліксіз болса, терапевт дәрігер не косметолог маманның келісімімен қосымша витаминдер қабылдау қажет.

D витаминін біз Күннен, тағамнан аламыз.

Қалай тамақтанған абзал?

Терінің саулығы үшін тамақтану рационына көңіл бөлуге тиіспіз. Нан өнімдерін азайту керек. Себебі көмірсудан әжім тез пайда болады. Құнарлы тамақтану үшін жеміс пен көкөністі, дәнді дақылдарды жеу керек. Әсіресе, брокколи, балдыркөк (сельдерей), авокадо, тәтті бұрыш, гүлді қырыққабат сияқты витаминге бай көкөністі жеу керек. Біз тамақтан пайдасы көп витамин аламыз. Олар ішектің жұмысын жақсартады. Ал ішек терімен тікелей байланысты.

Ал жемісті түнде жемеген дұрыс. Оны күндіз 16.00-ге дейін ғана жеу керек. Себебі жемісте қант, яғни фруктоза бар. Сондықтан оны жақсы сіңірілетін уақытта әрі қажетті мөлшерінде жеу керек.

Секпілден арылуға болады деген — миф

Секпіл — генетикамен берілетін пигмент дақтар. Көктемде көп адамның бетінде секпіл пайда болады немесе көбейіп, анық көріне бастайды. «Маған секпілден қалай құтыламын?» деп келетін пациенттер болады. Бәріне айтатыным бір — қандай да қымбат крем немесе кез келген процедура секпілді кетіре алмайды. Одан арылу мүмкін емес. Ол, тіпті, ағармайды да. Оның көктемде өршіп кетпеуінен SPF-креммен ғана қорғануға болады. Басқа ешқандай амал жоқ.