Пластикалық ота не үшін жасалады?

Пластикалық операцияның негізгі екі түрі бар: реконструктивті және эстетикалық. Реконструктивті операциялар сыртқы пішінінде туа бітті кемістігі бар адамдарға немесе абайсызда болған жарақаттардың зардаптары дұрыс жазылуы үшін жасалады. Ал эстетикалық операция жасау арқылы пластикалық хирург өз келбетін өзгерткісі келетіндерге көмектеседі.

Көпшілігі пластикалық отаны екі жағдайда жасатады. Бірі — түрлі жағдайлар кезінде бет-пішініне зақым келтіргенде, екіншісі — жасару мақсатында кескін-келбетіне өзгеріс енгізгенде. Адамдар «пластикалық ота адам денсаулығына қауіпті» деп ойлайды. Шындығында, олай емес. Егер ота ұқыпты жасалса, онда барлығы да ойдағыдай болады. Пластикалық отаны жасатудың нақты белгіленген жасы жоқ. Кәмелетке толған кез келген адам жасата алады. Тек диабетке шалдыққандар мен тері ауруы барларға ота жасатуға болмайды — кері әсерін беруі мүмкін.

Пластика
Дәрігер науқастың бет-жақ сүйегін қарау үстінде ©Айгүл Хожантаева

Қандай әдістер қолданылады?

Кескін-келбетін өзгерткісі келетіндер үшін арнайы процедуралар көп. Ол ненің өзгеріске түсетініне байланысты. Мысалы, бет терісін жасарту үшін артық бет терісін алып, бетті тартып тастаймыз. Мұны лифтинг деп атайды. Жасару мақсатында жасалған ота түрлері адамның өзіне, жасалған отаға байланысты мерзімі әртүрлі болады. Мәселен, бетті тарту 20 жылға, қабақты көтеру — 10 жылға созылуы мүмкін. Бірақ, отаны жасап болған соң оның нәтижесін бірнеше айдан кейін ғана көруге болатынын ескеру керек.

Жол апаты кезінде алғашқы көмек қалай көрсетіледі?

Алдымен, аурудың жағдайын анықтау керек. Жеңіл не ауыр жарақат екенін білген дұрыс. Дәрігер келмей тұрып, науқастың қан жоғалтпауын қадағалаған жөн. Бет-пішінде қан тамырлары көп орналасқан. Қан жоғалтпау үшін жарақат аймағын басып тұру керек. Бет аймағына жеке-жеке тоқталайық.

  • — егер көзге жарақат келсе, инфекцияның түспеуін қадағалаған дұрыс. Сол үшін жарақатты жауып тұру қажет. Қанды тоқтату үшін суық басу керек. Ескеретін нәрсе көздің көруіне кедергі жасамауын қадағалаған дұрыс;
  • — егер жақ сүйегі сынса, жедел жәрдем келгенше ештеңе істемеу керек. Қолдан келгенше таңып қойған дұрыс. Бірақ қисық таңып қоймау қажет;
  • — егер қабақ жырылса да, қан тоқтату керек. Жалпы беттің жарақаты ашық болады әрі таралады. Егер алғашқы көмек дұрыс көрсетілмесе, үлкен тыртықтар қалуы мүмкін. Соны ескеру қажет.

Біле жүріңіз: медицинада ботокстың қолданылғанына 30 жылдай болыпты. Әуел баста оны балалардың мойнын бұра алмау, жабысып қалу дертіне қолданған. Ауруды емдеу барысында, ботокс салған жаққа әжім түспейтіні, яғни, қыртыс тез жазылатыны байқалған. Содан ботоксты әжімге қарсы пайдалану тәжірибесі қалыптасыпты.

Дәрігерді қалай таңдаған дұрыс?

Кейде пластикалық ота қажеттіліктен жасалып жатады. Мұрын түзету, көзді үлкейту, құлақ формасын өз­гер­ту, т.б. Ота жасар алдында әрбір пациентті толық тексерістен өткіземіз. Өйткені, әр адамның бет пішіні, терісі әртүрлі болады. Егер ота соның ыңғайына қарай жасалмаса, бұлшық еті дұрыс істемей қалуы мүмкін. Осыдан келіп, бетте түрлі тыртық пайда болады. Тіпті, қисайып кетуі де мүмкін.

Ота жасатар алдында пациент дәрігерді дұрыс таңдау керек. Қазір ғаламтордың дамыған уақыты. Түрлі пікірлерге, клиниканың статусына мән бергені жөн. Одан бөлек сол дәрігерден кеңес алса да артық етпейді. Адам бет-пішіні негізгі нәрсе болғандықтан, барлығына аса мұқияттылықпен қараған жөн.

Пластика
Бет-жақ сүйегіне ота жасатқан науқас©Айгүл Хожантаева

Ерте қартаюдың себебі неде?

Пластикалық ота жасатуға көбінесе әйелдер қауымы жиі келеді. Өйткені, олар қартаюдан қорқады. Қартаймаудың жолын ұстанса, бет терісін пышаққа оңай айырбастамасы анық. Сол үшін де әйелдердің ерте қартаюына не себеп болатынына тоқталайын:

  • Күйзеліс, уайым-қайғы. Бұл әжімдердің ерте пайда болуына себепші болады. Ұзақ уақыт бойы ашуланып, қайғыру әйелдің бет терісіне қатты әсер етеді. Сондықтан болмашы «сүйгенім тастап кетті», «жақынымнан айырылдым», «ақшам жоқ» деген сияқты жағдайлардың бәрі бет терісінің тез қартаюына себепші болады.  
  • Темекі шегу. Жас кезінде темекі шегуден түскен әжімдер онша байқалмайды. Ал жастары қырықтан аса бергенде мұның барлығы көбейіп, қаптап кетеді. Бұдан құтылу қиын екенін ескеру керек.
  • Сыртқы факторлардан қорғанбау (күн, топырақ, жел ,т.б.) Әрбір нәзікжанды бет терісін ылғалдандыратын кремдер жағып, кәсіби косметологтың кеңесін алып тұрғаны дұрыс. Яғни, аязда, көктемнің желінде бет терісін қабындырып жібермеу керек. Ол үшін әр әйел ерінбей-жалықпай күтіну амалдарын жасаған жөн.

Осы үш кеңесті тұрақты ұстанған жағдайда пластикалық операция жасатудың қажеттілігі болмайды.

Статистика не дейді?

Ашық ақпарат көздеріндегі статистикалық деректерге көз жүгіртетін болсақ, дүние жүзінде эстетикалық ота Америка Құрама Штаттарында өте көп жасалады екен. Одан кейін бұл тізімді Бразилия, Қытай, Жапония мен Мексика елдері жалғастырады. Халықаралық эстетика, пластикалық хирургтар қоғамының зерттеуіне қарағанда 2016 жылы бүкіл дүние жүзінде шамамен 15 миллион адамға эстетикалық операция жасалған екен. Оның ішінде 6 миллион 500 адамға хирургиялық операция жасалса, қалған 8 миллионнан астамы ботокс, шаш қондыру, толтыру сынды істер екен. Әлем көлемінде ең көп жасалған операция — май алдыру мен мұрын эстетикасы.