Қасым-Жомарт Тоқаев: Мұнай саласына ғана сеніп өмір сүруге болмайды

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтауда облыс жұртшылығымен кездесті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президент тарихтың аса жауапты сәттерінде маңғыстаулықтардың ел басшылығына әрдайым қолдау көрсеткенін ерекше атап өтіп, экономика өсімін қамтамасыз етудің, жаңа жұмыс орындарын ашудың, халықтың табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартудың маңызы туралы айтты.

Мұнай саласына ғана сеніп өмір сүруге болмайды. Қазіргі заманда бұл тиімсіз. Инвестиция — экономика өсімі мен өңірдің әл-ауқатын арттырудың негізі. Еркін экономикалық аймағымыз, соның ішінде «Ақтау теңіз порты» еркін экономикалық аймағы инвестиция тарту әлеуетіне ие. Сонымен бірге туризмді дамыту ісі еліміздің перспективасы зор екенін көрсетеді. Бұл салада Маңғыстау облысының бірқатар нақты басымдығы бар, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Үкіметке, министрліктерге, әкімдіктерге, даму институттарына ұлттық экономика өсімін қамтамасыз етуге, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге, кадрлар іріктеу жүйесін жетілдіруге, сонымен бірге тиімді қатынас орнатуға бағытталған бірқатар нақты шара қабылдауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу жөніндегі шешімін қолдағаны үшін кездесуге қатысушыларға алғыс білдіріп, табыс пен амандық тіледі.