Дариға Назарбаева Президент сайлауы жөнінде мәлімдеме жасады

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата төрағасы Дариға Назарбаева ҚР Президентін кезектен тыс сайлау туралы мәлімдеме жасады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл шешімнің өз уақытында және орынды қабылданып отырғанына мен сенімдімін. Президент жарлығы қоғамда туындаған көптеген сұраққа жауап береді. Қазақстандықтар үшін ең қымбат құндылық — бейбітшілік пен тыныштық, экономикалық тұрақтылық. Сондықтан Қазақстан қоғамы Елбасының стратегиялық бағытының сабақтастығының заңды түрде қамтамасыз етілуін күтеді, — деді Сенат спикері.

Ол Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның даму моделі өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін толық дәлелдегенін айтты.

Біз барша әлемге экономикалық өсудің, әлеуметтік тұрақтылықтың және ұлтаралық келісімнің айнымас үлгісін кеңінен таныта білдік. Алдағы сайлау біздің халқымыздың даналығы мен көрегендігін тағы да дәлелдейтіні айқын. Президент сайлауы ел дамуына тың серпіліс, жаңа серпін беретіні сөзсіз. Президент жарлығы осы бағыттағы жұмысты қазірден бастауға, күрделі проблемаларды кейінге қалдырмай шұғыл шешуге мүмкіндік береді, — деді Дариға Назарбаева.

Сенат басшысы Конституциялық заң бойынша сайлау екі ай мерзім ішінде өткізілуі тиіс екенін еске салды.

Сайлау науқанын ҚР заңдарына сәйкес өткізуге көмектесу — біздің абыройлы міндетіміз. Бұл орайда ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының орны ерекше. Сіздердің жергілікті халықпен және мәслихат депутаттарымен тығыз байланыстарыңыз бар, халықтың мүддесін қорғайсыздар, проблемаларын білесіздер. Сондықтан сайлау науқаны әрқайсымыз үшін аса жауапты жұмыс кезеңі саналады. Құрметті депутаттар, азаматтардың өз еркін ашық білдіруі — тәуелсіз Қазақстанның үлкен жеңістерінің бірі. Біздің ортақ міндетіміз — ҚР Президенті сайлауын әділ, заңды және ашық өткізуді қамтамасыз ету, — деді Дариға Назарбаева.

ДереккөзInform.kz