Нұрсұлтан Назарбаев: Бұл сайлау тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет

Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының орталық аппаратына барып, оның қазіргі жұмысымен танысты және құрылымдық бөлімшелер жетекшілерінің қатысуымен кеңес өткізді.

Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев елімізде болған соңғы саяси оқиғаларға байланысты партияның алдында стратегиялық маңызы бар бірқатар міндет тұрғанын айтты.

Біз жақында Nur Otan партиясының съезін өткізіп, оның 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Партияның жаңа мақсат-міндеттері айқындалды. Елімізде болған оқиғалар барша жұртқа белгілі. Мен партияның, Қауіпсіздік кеңесінің және Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы болып қала беремін, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев белсенді әрі нәтижелі жұмыстың арқасында Nur Otan партиясы еліміздің басты саяси күшіне айналғанын атап өтті.

Реформалар, даму, азаматтық қоғам — партияның жұмылдырушы негізі. Қоғамның тұрақтылығы, халықтың бірлігі мен келісімі өсіп-өркендеуіміздің басты басымдықтарына айналды. Азаматтарымыздың лайық өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету және Қазақстанды әлеуметтік мемлекет ретінде дамыту мәселесі басым бағытымыз болып қала береді, — деді Nur Otan партиясының төрағасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу мен әлеуметтік масылдыққа жол бермеу қажет екенін айтты. Ол сонымен бірге ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауының өтуіне байланысты Nur Otan партиясы алдағы сайлау науқанына белсенді қатысуға тиіс екенін мәлімдеді.

Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің заңды құқығын пайдаланып, Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл сайлау биліктің заңдылығын одан әрі нығайтып, елімізде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет. Енді бізге партияның съезін өткізіп, ел президенттігіне кандидатура ұсынуымыз керек. Партияның аппараты съезді өткізу үшін қажетті жұмыстардың бәрін жылдам іске асыруға тиіс. Партиямыздың атынан кандидатура ұсынғаннан кейін Қоғамдық сайлау штабының жұмысын ұйымдастыру қажет. Бұл жұмыспен менің бірінші орынбасарым Мәулен Әшімбаев айналысады, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, сайлауды ел заңнамасына толық сай етіп және демократиялық нормалар мен рәсімдерді сақтай отырып өткізу қажет.

Кеңес барысында партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев сайлау штабын ұйымдастыру жұмысы туралы баяндады. Нұрсұлтан Назарбаев оның ақпаратын назарға алып, партияның орталық аппараты мен филиалдары алдағы іс-шараларды ұйымдастыру үшін жылдам әрі үйлесімді жұмыс істеуге тиіс екенін айтты.

Партияға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұл — таңдап алған саяси бағдарымыздың сабақтастығын және өзім белгілеген барлық стратегиялық міндетті іске асыруды қамтамасыз ету. Nur Otan Қазақстанды жаңғыртатын басты қозғаушы күшке айналды. Сондықтан белгіленген міндеттердің бәрі толығымен орындалуға тиіс, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Партия төрағасы «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл — ел бесігі» және «Халыққа көмек» жобаларын тиімді іске асыру мәселелері туралы айтып, партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын іске асыру үшін нақты іс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, партияның мемлекеттік басқару жүйесі үшін кадр дайындайтын негізгі құрылым болуы қажет. Ол Nur Otan партиясының республикалық кадр резервін жасақтауды және мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша тиімді ақпараттық-түсіндіру жүргізуді тапсырды.

Nur Otan партиясы менің саясатымның мәнін түсіндіру ісінде басты институт болуы тиіс. Уақыт пен қол жеткізген жетістіктер ұстанған бағытымыздың дұрыстығын көрсетті. Бұл бағдарды одан әрі іске асыру үшін нақты жұмыс істеу керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.