Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Шымкенттегі өрт салдарынан сегіз баланың анасы көз жұмды

Фото: Рolese.by
Шымкент қаласының Қайнарбұлақ шағынауданында болған өрт салдарынан сегіз баланың анасы көз жұмды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қайғылы оқиға болған сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өрт отбасы мақта көрпе мен матрас тігумен айналысқан үй ауласында басталған. Алдымен мақта тұтанып, кейін жалын жылдам тарап, тұрғын үйді толық шарпыған.

Марқұмның жұбайы Айдос Боранбаев әйелін құтқаруға әрекет жасағанын айтты.

«Әйелімді құтқара алмадым. Оттың арасынан өтпек болдым. Біз мақта көрпе тігумен айналысамыз. Аласапыранда қолдан келгенше өртті сөндіруге тырыстым. Бірақ оны аман алып қала алмадық. Жұбайым денесінің 80 пайызын күйік шалды. Тағы жеті бала үйден шығып үлгерді. Біз көрпе мен матрас тігіп күн көріп отырған едік, аулада шағын цехымыз болды. Алғаш болып көршілер көмекке жүгіріп келген. Өрттің шығу себебі әзірге белгісіз», — деді марқұмның жұбайы.

Оқиға кезінде анасына көмек көрсетуге 17 жастағы ұлы да ұмтылған. Жасөспірім анасын жалын ішінен алып шыққанымен, өзі де күйік жарақатын алған. Ал отағасының аяқтары күйген. Қалған балалар дер кезінде сыртқа шығып үлгерген.

Отбасында бес ұл мен үш қыз тәрбиеленіп отыр. Қазіргі уақытта балалар уақытша туыстарының қарауына берілген.

Өрт фактісі бойынша қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру бабымен қылмыстық іс қозғалды.

«Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деп мәлімдеді Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Өрттен кейін отбасы баспанасыз қалып, негізгі табыс көзінен айырылған. Қазір олар жергілікті биліктің көмегіне мұқтаж.

Мақалаға реакция