Нұрсұлтан Назарбаев: Көпбалалы отбасылар 1 сәуірден қалмай көмек алуы қажет

Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиынға Премьер-министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешев және Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабаралуынша, Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған шараларды сапалы жүзеге асыру маңызды екенін айтты. Мемлекет басшысы тұрмысы нашар және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға қолдау көрсету жөніндегі жаңа ауқымды шаралар мен міндеттердің орындалуымен, соның ішінде әлеуметтік саясаттың жүзеге асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөнінде Үкіметтің жұмыс жоспарымен танысты.

Жиынға қатысушылардың баяндамасын тыңдаған соң Президент халықтың көмекке мұқтаж санатына жататындардың бәріне әлеуметтік жәрдем беру қажет екенін айтты.

Әлеуметтік тұрғыдан тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға бөлінетін қаражат салық түсімі есебінен құралатынын түсінген жөн. Сондықтан мемлекет тиісті тепе-теңдікті сақтай отырып, көмекке аса мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсететінін баршаға түсіндіру керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мемлекеттің қамқорлығын жақын арада сезінуге тиіс екенін айтты.

Көмекке аса мұқтаж және көпбалалы отбасылар биылғы 1 сәуірден қалмай әлеуметтік көмек алуы қажет, — деді ол.

Президенттің айтуынша, енді мемлекеттік орган басшылары мен облыс әкімдерінің жұмысы азаматтардың әл-ауқатының деңгейіне және тұрмыс сапасына байланысты бағаланады.

Нұрсұлтан Назарбаев өңірлерде жалақыны өсіру жөніндегі шаралардың уақтылы қабылдануының, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жүйелі реформалар жүргізудің, тұрғын үйлер мен ішкі аудандық жолдарды салу қарқынын күшейтудің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және экология проблемаларын шешудің маңызды екенін де айтты. Сонымен бірге ол «Құтты мекен», «Ауыл — ел бесігі» жобаларын жүзеге асыруға ерекше назар аударды.

Облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент әкімдері өңірдегі тұрғындардың өзекті мәселелерін жеке бақылауға алып, жүктелген міндеттерді іске асыру үшін нақты шаралар қабылдауы керек. Сонымен қатар әлеуметтік саясатты жүзеге асыру үшін бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуына бақылау жасау негізгі бағыттың бірі саналады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, экономикалық саясаттың тиімділігін арттыру қажет және бұл үдеріске тұрғындардың белсенді атсалысқаны дұрыс.

Ең алдымен халықты жұмыспен қамту керек. Мемлекеттік аппараттың міндеті — шағын және орта бизнесті дамытуға, жұмыс орындарын ашуға күш жұмылдыру. Бұл жұмысты барлық қалада, аудандар мен ауылдарда жаппай жүргізу қажет, — деді Президент.

Жиын соңында Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, жүктелген міндеттердің орындалу барысын үнемі бақылап отыруды тапсырды.

Үкімет, әкімдер, жұртшылық және «Нұр Отан» партиясы нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін осы жұмысқа атсалысуы тиіс. Мен бұл үдерісті өзім  бақылауға аламын, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.