Не болды?
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы мен Люксембургтің Hydrosat компаниясы келісімге қол қойды. Қос тарап Қазақстанда су ресурсын тиімді қолдануға бағытталған пилот жобаны бірлесіп жүзеге асырады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Жоба «Copernicus және Hydrosat технологиясы арқылы Қазақстандағы су ресурсын басқару» деп аталады. Негізгі мақсаты – ғарыштан алынатын деректің көмегімен егістік алқабын суару және су шығынын азайту.
Келісім аясында Hydrosat компаниясы спутниктік бақылау технологиясы мен талдамалы шешім ұсынады. Бұл жүйе жердің ылғалдану деңгейін, судың булану көрсеткішін және ауыл шаруашылығындағы егістік жағдайын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» жаңа технологияны Жамбыл облысында қолдана бастады.
Пилот жоба нәтижелі болса, оны Қазақстанның өзге өңіріне және Орталық Азия елдеріне тарату жоспарланып отыр. Сонымен бірге қос компания алда осы бағытта жұмыс істейтін бірлескен кәсіпорын құру жоспарын да талдады.
Қазақстанда су тапшылығы кейінгі кезде өзекті тақырыпқа айналды. Бұған дейін мемлекет басшысы су ресурсын басқару жүйесін цифрландырып, суды үнемдейтін технологияға көшу керек екенін айтқан. Сарапшылардың пікірінше, қолданыстағы су қорын тиімді пайдалану мәселесі шешілмесе, келер 5-6 жылда елде су тапшылығы сезілуі мүмкін.
Контекст
Естеріңізге салайық, Президент Черногория компанияларын Қазақстанмен жұмыс істеуге шақырды.
