Көкшетауда жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеп, жаяу жүргіншіні қағып кеткен әйелге қатысты сот шешімі шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тергеу материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға автотұрақ аумағында болған. Көлік соққан әйел ауыр жарақат алып, кейін медициналық мекемеде көз жұмған. Марқұмның артында 12 жастағы баласы қалды.
Сот отырысында айыпталушы көлікке күйеуінің денсаулығы кенеттен нашарлағандықтан отырғанын айтқан. Оның айтуынша, көлікті жүргізуге жұбайы рұқсат берген. Алайда әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған.
Сот оның кінәсі өз жауабымен, куәлардың айғақтарымен, бейнебақылау жазбаларымен және сараптама қорытындыларымен дәлелденгенін атап өтті.
Жаза белгілеу кезінде сот айыпталушының бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын, кінәсін толық мойындағанын, жасаған ісіне өкінетінін және марқұмның туыстарына моральдық өтемақы төлегенін ескерген. Сонымен қатар жәбірленуші тарап та әйелді бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Сот шешімімен әйел 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Дегенмен оның екі кәмелетке толмаған баласы бар болғандықтан, жазаны орындау үш жыл мерзімге кейінге шегерілді.
Еске салсақ, жол-көлік оқиғасы Көкшетаудағы Сарыарқа шағынауданында орналасқан аулалардың бірінде болған. Апат салдарынан жаяу жүргінші қаза тапқан.
