Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Алаяқтар атыңызға кредит рәсімдесе, не істеу керек?

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Қазақстандықтарға өздерінің кредиттер тарихын тұрақты тексеріп отыру ұсынылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Кредиттер есепті Мемлекеттік кредиттік бюродан, Бірінші кредиттік бюродан, ХҚКО арқылы немесе eGov.kz порталы арқылы алуға болады. Мамандар кредиттер тарихын кемінде тоқсанына бір рет тексеріп тұруға кеңес береді.

Бірінші қадам

Егер сіздің атыңызға алаяқтар заңсыз кредит рәсімдегені анықталса, ең алдымен банкке немесе микроқаржы ұйымына дереу хабарласу қажет. Ол үшін кредиторға қоңырау шалып немесе жазбаша өтініш жолдап, картаңызды, шотыңызды және мобильді қосымшаға қолжетімділікті бұғаттауды талап ету керек. Сонымен қатар өтініштің тіркелген күні мен уақытын нақтылап алған жөн.

Мамандар жазбаша өтініш берген жағдайда оның тіркелгенін растайтын құжатты міндетті түрде сұратуға кеңес береді. Бұл кейін кредиторлармен және мемлекеттік органдармен жұмыс барысында қажет болуы мүмкін.

Барлық дәлелді сақтап қойыңыз

Сондай-ақ барлық дәлелдерді сақтап қою маңызды. Олардың қатарына қоңыраулар мен хат алмасулар, SMS-хабарламалар, растау кодтары, мессенджерлердегі жазбалар, кредитордан келген хабарламалар, банк үзінділері және ақша аударылған тұлғалардың деректері жатады.

Полицияға арыз беру

Одан кейін полицияға арыз беру қажет. Өтінішті eGov, e-Otinish порталдары арқылы жолдауға немесе тұрғылықты жеріңіздегі полиция бөліміне тікелей тапсыруға болады. Арыз міндетті түрде тіркеліп, оның негізінде сотқа дейінгі тергеу басталады.

Өтініште кредиттің рәсімделген күні мен сомасын, кредитордың атауын, оқиғаның мән-жайын және белгілі болған барлық ақпаратты көрсету қажет. Сонымен бірге скриншоттар, үзінді көшірмелер, хат алмасулар және басқа да дәлелдер қоса беріледі.

Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелгеннен кейін полиция жәбірленуші ретінде тану туралы қаулы немесе тиісті процессуалдық құжат береді. Тергеу барысында кредиттің қалай рәсімделгені, жеке деректердің қалай пайдаланылғаны анықталып, күдіктілерді іздеу шаралары жүргізіледі.

Кредиторға жүгіну

Осы құжатты алғаннан кейін кредиторға қайта жүгіну керек. Құжатта кредит сомасы, рәсімделген күні және кредитордың атауы көрсетілуі тиіс. Заң бойынша кредитор мұндай құжат негізінде үш күнтізбелік күн ішінде берешекті өндіріп алу жұмыстарын және кредит бойынша талап қою рәсімдерін уақытша тоқтатуға міндетті.

Егер қарыз коллекторлық ұйымға берілген болса, оларға да қылмыстық істің қозғалғаны туралы хабарлау қажет.

Кредитор немесе коллекторлар заң талаптарын орындамаған жағдайда азаматтар e-Otinish порталы арқылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдана алады. Ал полиция қызметкерлерінің әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қатысты аумақтық орган басшылығына, прокуратураға немесе e-Otinish жүйесі арқылы жүгінуге мүмкіндік бар.

Мамандар алаяқтық фактісінің анықталуы қарыздың автоматты түрде есептен шығарылатынын білдірмейтінін ескертеді. Берешек тек кредит рәсімдеу кезінде алаяқтықпен қатар кредитор тарапынан заң бұзушылықтар анықталған жағдайда ғана есептен шығарылуы мүмкін.

Жағдайдың мән-жайына байланысты мәселе соттан тыс тәртіппен шешілуі немесе сотта қаралуы ықтимал.

Жадынаманың толық нұсқасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтынан оқи аласыз.

Мақалаға реакция