Шавкат Сабиров
Шавкат Сабиров. Фото: Profit.kz

Қазақстан интернет қауымдасты-ғының жетекшісі Шавкат Сабиров қазір еліміздегі интернеттің жағдайы мәз емес екенін жасырмайды. Оның айтуынша, Beeline компаниясы қазақстандықтардың кешкі уақытта кей әлеуметтік желілердің бұғатталуы туралы шағымын ескеріп, министрлікке хат жолдаған.

Сол арқылы Facebook, YouTube сияқты желілерге шектеу қою туралы сот шешімі бар екенін білдік. Сот шешімі ұнаса да, ұнамаса да орындау керек. Бұл шешім ұнасын, ұнамасын орындаудан басқа амал жоқ. Егер оның басқа маңызды себебі болса, бір жөн. Мен бұл әрекеттен ешқандай мағына көріп тұрған жоқпын, — дейді ол.

Шавкат Сабиров мемлекеттің бұл әрекеті мәселені шешудің орнына, керісінше, экономикаға зиян келтіріп жатқанын айтты.

Мемлекет азаматтарды интернеттің бұғатталуының себебін іздеуге өздері мәжбүрледі. Бұл шектеу де мемлекеттік органдарда смартфон ұстауға тыйым салу сияқты. Әсіресе, кешкі уақытта интернеттің істемеуі кей нәрсеге кедергі келтіреді. Себебі көптеген қазақстандық YouTube, Facebook сияқты желілер арқылы кәсіп жасап, күн көріп отыр. Сондықтан мұндай шектеу жеке азаматтарға ғана емес, Қазақстанның экономикасына кері әсерін тигізіп жатыр, — дейді Қазақстан интернет қауымдастығының жетекшісі.

Серікқазы Кәкібаланов
Серікқазы Кәкібаланов. Фото жеке архивінен

Қазақстандықтардың шағымы туралы Қазақ интернеті қауымдастығының төрағасы Серікқазы Кәкібаланов та пікірін білдірді. Оның ойынша, мемлекет ішкі тұрақтылық мәселесін интернетті бұғаттау арқылы шеше алмайды.

Оған оппозициялық көзқарастағы Мұхтар Әблязовтің желіде өткізетін тікелей эфирі себеп екені жасырын емес. Мысалы, өз басым оны тыңдамаймын, не айтқанына қызықпаймын. Мен сияқтылар өте көп. Бірақ олар интернетті бұғаттап Әблязовқа жарнама жасайды. Не нәрсеге тыйым салса, адамдар сол нәрсеге үйір болады. Керісінше, билік ана тіліндегі контентті көбейтіп, халыққа пайдалы eGov сияқты дүниелерді көбейтсе, дұрыс болар еді, — дейді ол.

Оның айтуынша, интернеттің Қазақстан қоғамына берері көп. Бірақ халық пен билік интернеттің мүмкіндігін әлі күнге дейін толық пайдалана алмай келеді. Ол Интернет күні қоғам қандай мәселелерді шешуге көңіл бөлу қажет екенін айтты.

Интернет — халықтың игілігі үшін пайдаланылатын жақсы құрал. Бірақ біз оны әлі күнге дейін игілігімізге жарата алмай келеміз. Әрі кетсе, өсек-аяң, жаңалық жазу, басқа жағынан қолдана алмай келеміз. Негізі кәсіпке, әлеуметтік мәселелерді шешуге, мемлекеттік қызмет алуға қолдану керек. Интернеттің пойызы кетейін деп тұр. Бізге сол пойызға секіріп үлгеру керек. Әйтпесе, жағдайымыз қиын болады. Бұл күні осы мәселелерді көтеруіміз керек. Адамдар интернетке келгенде сауатсыз. Өсек оқып, әркіммен бір дауласып, интернетті білемін деу — бос сөз. Интернетті керегіне пайдаланып, кәсіп ашып, нан тауып жүргендер саны біздің бір пайызымызға да жетпейтін шығар, — дейді Серікқазы Кәкібаланов.

4 сәуір тарихтағы Etymologiae атты тұңғыш энциклопедияның авторы Исидор Севильскийдің құрметіне Интернет күні деп белгіленген. Архиепископ дәл осы күні өмірден өткен. Сонымен бірге атаулы күннің символдық мәні бар — «4.04» деген дата HTTP 404 («Парақ табылмады») қатесін еске салады.