11 қазаннан соң Қазақстанда интернет жылдамдығы нашарлай ма?

11 қазаннан кейін әлем бойынша интернеттің жұмысы нашарлауы мүмкін. Бұл уақытта Домен атаулары мен IP-адрестерді басқару жөніндегі корпорация (ICANN) тарихта тұңғыш рет криптографиялық кілттерді ауыстырғалы отыр. Бұл — интернеттегі домен атаулары жүйесін (DNS) қорғау мақсатында жасалатын жұмыс.

Ұйымның мәліметінше, соған байланысты ғаламдық желінің жылдамдығы бәсеңдеп, сайттардың бірқатары ашылмай қалуы мүмкін. ICANN сайтында бұл процестің қандай салдары болуы мүмкін екені толық жазылған. Интернет-қолданушылар криптография кілттерінің жаңаруына дайын болуы керек.

Дегенмен Қазақстанның интернет-қауымдастығының президенті Шавкат Сабировтың айтуынша, ғаламдық желі жұмысындағы іркіліс .kz домендеріне әсер етпейді.

Біздің қорғалған DNSSEC-сервер қолданатын регистраторларымыз кілттердің ауысуына әзір. Егер Қазақстанда отырып, шетел сайттарын ашпақ болсаңыз, онда мәселе басқа. Мысалы, DNSSEC-сервер қолданатын Үндістан, Таиланд, Ресей, Еуропа елдері және басқа да мемлекеттердегі сайттар. Ол жағдайда ресурстардың ашылмауы сияқты проблемалар туындауы мүмкін, — деп мәлімдеді ол.

Маманның айтуынша, қарапайым қолданушы үшін бұл процеске дайындалудың қажеті жоқ. Себебі DNSSEC-серверлер — интернеттің техникалық инфрақұрылымы, ол қарапайым қолданушыға байланысты емес.

ДереккөзTengrinews.kz