— Серікқазы Көкенайұлы, өзіңіз басқарып отырған қоғамдық ұйыммен таныстырып өтсеңіз…

— Ұлттық Интернет Ассоциациясы 2013 жылы 3 заңды тұлға «Қазақ Интернеті» қоғамдық бірлестігі, «Қазақ Интернет-технологиялары» компаниясы» жауапкершілігі шектеулі бірлестігі және «Елсана» қоғамдық қорының құрылтайшылығымен құрылған еді. Мақсаты жалпы қазақша интернет-жобаларды жүзеге асыру, Интернет кеңістігінде ана тіліміздегі сайттарды жасау және жүргізу арқылы қазақша интернет-кеңістікті қалыптастыру. Қазір білесіздер, көптеген әлеуметтік мәселелер интернет кеңістігінде, оның ішінде әлеуметтік желілерде көтерілуде, тақылануда және шешілуде. Осы тұрыдан келгенде біз де өз үлесімізді қосып жатырмыз.

— Мемлекет тарапынан үкіметтік емес ұйымдарға қандай қолдау бар?

— 2005 жылы Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заң шығып, содан бері әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан конкурстар жарияланып келеді. Яғни, халыққа қажеті бар белгілі бір іс-шаралар қоғамдық ұйымдар тарапынан атқарылып келеді. Қоғамдық ұйымдар өз кезегінде халық пен билік арасындағы көпір болып қызмет атқаруда. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім қалған балалар немесе ана мен бала проблемалары сияқты толғағы көп жұмыстарға осы үкіметтік емес ұйымдар ат салысады. Ал, былтырдан бері әлеуметтік маңызы бар жобаларға мемлекет тарапынан гранттар бөлініп жатыр. Грант бөлу, оны қадағалау және жобалардың есеп-қисабын қабылдау жұмыстарымен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанынан құрылған «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы айналысады. Оның құрылтайшысы болып осы министрлікке қарасты Азаматтық қоғам істері комитеті жұмыстар істеп жатыр. Бұл жерде акцент қойып айта кететін мәселе: грант бөлінгенде көптеген процедуралар өте жеңілдетілген. Жоғарыда айтылған мемлекеттік конкурстағы сияқты емес, қатысу оңайға соғады. Бұл айтып отырғаным бюрократиялық мәселелер. Ал, бірақ қойылатын талаптар өте жоғары. Бұл жерде жаңағы айтылған орталық өзі жеке-дара грантты бөле салмайды. Грант бөлу мәселесімен осы үкіметтік емес ұйымдар жағын жетік білетін Мәжіліс депутаттары және көптеген қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құрылған эксперттік кеңес айналысады. Біздің ұйым да осы гранттар конкурсына қатысып, «БАҚ қоғамдағы құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру құралы ретінде» атты тақырыпта жеңімпаз атанды. Мемлекет тарапынан қолдаудың тағы бір түрі – биылдан бастап кіргізіліп отырған тәжірибе – ол үкіметтік емес ұйымдарға сыйақы беру. Бірнеше номинация бойынша берілетін сыйақы мөлшері 2000 айлық есептік көрсеткіш немесе төрт жарым миллион теңге көлемінде болады. Бір номинацияда бірнеше үкіметтік емес ұйым жеңімпаз болып табылып, оны олар теңдей бөлісіп алуы да мүмкін.

— ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жалғыз өзі ғана әлеуметтік мәселелердің барлығын қалай қамтып шеше алады?

— Әлеуметтік мәселелерге келсек, ол тек қана осы министрлікке ғана қатысты емес. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Әділет министрлігі жіне тағы басқадай орталық және жергілікті атқарушы органдар да осы үкіметтік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Ал, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі осы барлық сала бойынша министрліктер мен қоғамдық ұйымдардың өзара жұмыс істеуін үйлестіретін штаб іспеттес жұмыс істеп жатыр. Яғни, барлық үкіметтік емес ұйымдардың мұң-мұқтажын тыңдап және қабылдап, оларды ары қарай салалық министрліктер немесе жергілікті атқарушы органдарға бағыттайды.

— Жалпы, билік пен үкіметтік емес сектордың қарым-қатынасы Сіздің көңіліңізден шыға ма?

— Мемлекет пен қоғамдық ұйымдар арасында нақтылы жұмыс істеу мен жоғарыда айтқан 2005 жылдан басталды және оған да біршама уақыт та өтті. Жыл өткен сайын барлық жағынан қарым-қатынас жақсару үстінде деп айтар едім. Кемшіліктер болуы мүмкін, бірақ ол техникалық тұрғыда ғана шешуді қажет ететін кемшіліктер. Өздерін танытқан және өте белсенді жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де менің осы ойымды құптайтыны анық.

— Қорыта айтқанда мемлекет пен қоғамдық сектордың өзара байланысының маңызы қандай?

— Бұл біздің қоғамның дамуы болсын не болмаса жер-жердегі халықтың әлеуметтік мәселелерінің еленуі жағынан болсын өте маңызды бағыт деп есептеймін. Кейде билік пен халық арасында көптеген проблемалар дұрыс шешілмей жатады. Осы кезде үкіметтік емес ұйымдар проблемаларға араласып, екі жаққа да тиімді жағдайларға жетеді. Сондықтан да билік пен халық арасында алтын көпір қызметін атқаратын қоғамдық сектормен жұмыс істеу мемлекет үшін аса пайдалы және тиімді деп ойлаймын.

— Сұхбатыңызға рахмет! Жұмыстарыңызға табыстар тілейміз.