Әкімдік Қызылордада қаза тапқандардың отбасына 1 миллион теңгеден береді

Талдықорғанда «Алтын жебе» әскери жаттығуы кезінде тікұшақ апатынан қаза тапқан жауынгерлермен қоштасуға арналған митинг өтті. Жетісулықтар Орталық алаңға жиналып, ефрейторлар Айдын Әбділдинов пен Мирас Жұматаевты соңғы сапарға шығарып салды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Апатта қаза болған 13 әскери қызметшінің сегізі Алматы облысының тумалары еді.

Алдымен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаев сөз алып, марқұмдардың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары бойынша қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына заңнамада белгіленген барлық кепілді көмектер көрсетілетін болады. Басқа да моральдық-материалдық, психологиялық қолдаулар жасалады. Бұл көмек бір жолғы көмек болмауы керек. Мен гарнизондар бастықтарына қазақ тапқан жауынгерлердің отбасыларын қамқорлыққа алып, олардың балаларын оқыту, әлеуметтік мәселелерін шешу шараларын атқаруды тапсырамын. Қаза болғандарды мәңгі есте сақтау үшін мемориал тұрғызу жоспарланды. Қызметтестеріміз өз әскери борышын адал орындағанын ескере отырып, олар мемлекеттік наградаларға ұсынылады, — деді Нұрлан Ермекбаев.

Ол жетісулық төрт азаматтың денесі тиісті медициналық сараптамадан өтіп жатқанын айтты.

Облыс әкімі Амандық Баталов қайғыны бөлісіп, марқұм жауынгерлердің отбасыларына барынша көмек көрсетілетінін айтты.

«Қайғыны бөліссең, азаяды». Бұл қайғылы оқиға бәрімізге де ауыр тиді. Қанша көмек көрсеткенімізбен, қайғыны бөлісіп көңіл айтқанымызбен, азаматтарды қайтара алмаймыз. Болған іске болаттай бекем болыңыздар. Біздің інілеріміз өздерінің борыштарын елдің алдында, Отанның алдында адал өтеді. Мен өз тарапымнан, Алматы облысының жұртшылығы атынан топырақтары торқа, жандары жәннәтта болсын деймін. Батыр ұлдарымыздың аттарын мәңгіге сақтап, ұрпаққа үлгі етеміз. Артында қалған балаларына қамқорлық жасап, әрқашан көмек көрсету – біздің парызымыз, — деді Амандық Баталов.

Алматы облысының әкімдігі әскери жаттығу кезінде қаза болған жетісулық азаматтардың отбасыларына 1 миллион теңгеден көмек көрсететін болады. Сонымен қатар, жерлеу рәсімдерін атқаруды жауапкершіліктеріне алды.