Амандық Баталов тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырушыларды сынға алды

Амандық Баталов тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырудың барлық бағытын толығымен қайта қарау үшін аудан басшыларына бір апта уақыт берді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкім аудан, қала әкімдерінің «7-20-25» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жергілікті жерлерде жүзеге асыру жұмыстарын қатаң сынға алды. Ол Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Ескелді, Қаратал, Панфилов, Ақсу аудандарында бағдарламаның орындалу көрсеткіші төмен екенін айтты. Көксу, Іле, Сарқан, Алакөл аудандарында алға жылжу бар екен.

Көксу ауданынан үлгі алыңдар, шағын аудан болса да, банктің келісімін 30 адам алып үлгерген, 15-і келісімшарт жасасты. Ал Алматының маңындағы ірі аудандар құрылыс қарқынды жүріп жатса да, көштен қалып отыр. Тұрғын үй бағдарламасын орындауда кімнің бар ынтасымен жұмыс істеп жатқанын, ал кімнің қол қусырып қарап отырғанын осыдан-ақ көруге болады, — деді Амандық Баталов.

Облыс басшысы екінші деңгейлі банктердің өкілдеріне бағдарлама бойынша үй алудың шарттары мен ондағы жеңілдіктерді түсінікті, қарапайым тілмен ұғындыруға тиіс екенін есіне салды.

«7-20-25» бағдарламасы – халықты қолжетімді баспанамен қамтуға арналған Президенттік тұрғын үй бағдарламасы. Жергілікті атқарушы органдар сіздермен қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Алдарыңызға келген әрбір тұрғынға бағдарлама бойынша үй алудың шарттары мен ондағы жеңілдіктерді түсінікті, қарапайым тілмен ұғындырып беруге тиіссіздер. Әзірге мен мұндай бірлескен, тиімді жұмысты көріп тұрған жоқпын, — деді облыс әкімі.

Амандық Баталов бірінші кезекте бағдарламаға қатысушылар пулын қалыптастыру керегін айтты. Соған байланысты банктермен бірлескен жұмыс нақты жолға қойылуы тиіс. Жұмыстың екінші бөлігі – тұрғын үйлер салу. Бұл орайда шаршы метрінің құны «7-20-25» бағдарламасының талаптарына сәйкес реттелуі тиіс екенін ескертті.

«7-20-25» бағдарламасын іске асыру — менің жеке бақылауымда. Бұл жұмысты менің орынбасарым Жеңіс Тұяқов үйлестіреді. Барлық бағытта жұмысты күшейтіңдер. Бір апта уақыт беремін. Әрбір аудан, қала әкімдері бағдарламаның орындалуын жеке жауапкершіліктеріне алсын. Қол жеткізген нәтижелерің жергілікті жердегі жұмыстарыңның сапасын айқындайтын болады, — деді Амандық Баталов.