Басты бетЖаңалықтарТікұшақ апатынан...

Тікұшақ апатынан қаза тапқан әскерилердің отбасына миллион теңгеден беріледі

Маңғыстау облысының әкімдігі тікұшақ апатынан қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасына 1 миллион теңгеден көмек береді. Бұл туралы Маңғыстау өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, шейіт болған 13 адамның 12-сі — Ақтаудағы №30153 әскери бөлімнің қызметкерлері.

Осы қайғылы оқиғадан қаза тапқан, Маңғыстаудағы №30153 әскери бөлімінде әскери міндетін атқарған əрбір қызметкердің отбасына Маңғыстау облысы әкімдігі атынан 1 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. Отан алдындағы борышын өтеу кезінде қыршын кеткен жігіттердің қазасы орны толмас қайғыға душар етті. Егемендікті мәңгі баянды ету жолында шейіт болған жауынгерлердің туған-туыстарына облысы Маңғыстау облысы тұрғындарының атынан және облыс әкімінің атынан қайғырып көңіл айтамын, — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Еске салайық, 27 наурызда «Алтын жебе» оқу-жаттығуы барысында ҚР Қарулы Күштері тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшыраған еді. Ақтаудан шығып, Шымкентке бет алған тікұшақ құлап, түгел жанып кетті. Төтенше оқиға салдарынан борттағы 13 әскери қызметші қаза болды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тікұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына зор күйзеліспен көңіл айтты.