Нұрсұлтан Назарбаев: Жастардың мезгілсіз қаза болуы қабырғамызды қайыстырды

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әскери тікұшақтың апатқа ұшыруына байланысты қаза болғандардың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанның әскери қызметшілері әрқашан антына адал, сонымен бірге Отанына шексіз беріле қызмет етіп жүр. Жастарымыздың мезгілсіз қаза болуы қабырғамызды қайыстырды. Орны толмас қайғыға ортақтасып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын, — делінген жеделхатта.

Еске салайық, 27 наурызда «Алтын жебе» оқу-жаттығуы мен кешенді тексеруі барысында ҚР Қарулы Күштері тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшырады. Ақтаудан шығып, Шымкентке бет алған тікұшақ құлап, жанып кетті. Төтенше оқиға салдарынан борттағы 13 әскери қызметші қаза болды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тікұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына зор күйзеліспен көңіл айтты.