Қызылорда облысында әскери тікұшақ апатқа ұшырады

Қызылорда облысында ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің тікұшағы апатқа ұшырады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, тікұшақ бортында 13 адам болған. Алдын ала мәлімет бойынша адамдар қаза тапқан. Қазіргі уақытта опат болғандар мен зардап шеккендердің саны мен хал-жағдайы туралы мәлімет нақтыланып жатыр.

Тікұшақ төрт әскери тікұшақтан тұратын звено құрамында Ақтаудан Шымкентке бағыт алған. Ұшу «Алтын жебе» арнайы бөлімшесінің оқу-жаттығуы мен кешенді тексеруі шеңберінде қараңғы уақытта және күрделі метеорологиялық жағдайда іске асырылды. Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен ҚР Қорғаныс министрлігінің арнайы құрылған комиссиясы қалыптасып, апат орнына аттанды, — деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта төрт тікұшақтың екеуі Қызылордаға қонған, біреуі апат орнына барды. Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігі әуе апатының себебі мен мән-жайын тергеуді бастады.

Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, апатқа Ми-8 тікұшағы ұшыраған. Әуе техникасы Қызылорда облысының Жалағаш ауданы аумағына құлап, жанып кеткен.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тікұшақ апатынан экипаж мүшелерінің қаза тапқанын хабарлап, марқұм болғандардың отбасына көңіл айтты.

Қызылорда облысында Қорғаныс министрлігінің тікұшағы апатқа ұшырады. Тікұшақ әскери жаттығу кезінде Ақтау-Шымкент бағытында ұшқан. Өкінішке қарай, экипаж мүшелері қаза тапты. Тергеу жұмыстары жүргізіледі. Қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтамын. Отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі, — деп жазды Президент Twitter-де.