Эрекция дисфункциясы деген не?
Бұл — жыныстық қатынас кезінде еркекте тиісті эрекцияның (жыныс мүшесі көлемінің ұлғайып, қатаюы) болмауы (көбіне «эректильді дисфункция» деп айтылады). Бұл кезде ер адамның төсектегі серігіне жыныстық құштарлығы қанша жерден артып тұрса да, мүшесі әлсіз болады. Бұл ауру қазір еркектерде жиі кездеседі. Бірақ олардың көбі дәрігерге қарала бермейді. Оған негізгі үш себеп бар: біріншіден, ер адам дәрігерге келуге ұялады, екіншіден, олардың бойында қорқыныш пен үрей пайда болады, үшіншіден, «осымен бітті, емделу мүмкін емес» деп ойлайды. Шындығына келсек, бұл аурудың емі бар.
Эрекция дисфункциясын көбі импотенциямен шатастырады. Екеуі — екі бөлек нәрсе, импотенция кезінде жыныс мүшесі мүлдем әрекетке қабілетсіз болып қалады. Мұндай кезде еркектің қатты құмарлығы артып тұрса да, оның мүшесі жыныстық қатынасқа түсуге дайын болмайды. Сондықтан жыныс мүшесі әлсіз еркектер бұл екі нәрсені бір-бірімен шатастырмағаны дұрыс. Бағымызға орай, импотенция ауруынан зардап шегетіндер сирек кездеседі.
Аурудың басты себептері қандай?
Эрекция дисфункциясының бірнеше себебі бар.
1. Психологиялық себеп. Әрдайым стресс, депрессияда жүретін ерлерде жыныс мүшесі әлсіз келеді. Ондай кезде ми шаршап тұрады, сондықтан ол дұрыс команда бермейді. Жыныстық қатынас кезінде әйелдің ролі де еркектің психологиясына әсер етеді. Егер әйел ер адамның құмарлығын оята алмаса және одан қандай да бір жағымсыз иісті сезсе, оның да ықпалы болады.
2. Эндокриндік себеп. Ол гормондардың дұрыс бөлінбеуінен болады. Ерлерде тестостерон гормонының болатынын осыған дейінгі тақырыптарда айтқан едік. Ол еркектің аталық безінен бөлінеді. Осы гормон жеткілікті мөлшерде бөлінбесе, еркектің әйелге деген құмарлығы, оған қоса, жыныстық қатынас кезіндегі белсенділігі де төмендейді. Сонымен бірге қант диабетімен ауыратын ерлердің де жыныс мүшесі әлсіз болады. Себебі адам денесіндегі қант жыныс мүшесіне қанды дұрыс жеткізбейді.
Қан тамырлары жүйесіндегі патология, атеросклероз, көктамырдың варикозды кеңеюі, гипертония, эндартериит, варикоцеле аурумен ауыратын ер адамдарда да жыныс мүшесі әлсіз болады.
3. Медикаментозды себеп. Қандай да бір химиялық дәрілерді, ауруды басатын таблеткаларды ішу, алкоголь, темекі мен есірткіні қолдану да эректиль дисфункцияға әсер етеді.
4. Жергілікті себеп. Егер еркек жыныс мүшесінен қандай да бір жарақат алса, содан да жыныс мүшесі әлсіз болуы мүмкін. Жыныс мүшесінің қисаюы да (Пейрони ауруы) осы дертке әсер етеді. Жыныс мүшесінің қисаюының өзі — жеке тақырып.
5. Неврологиялық аурулар. Инсульт, шашыраңқы склерозбен ауыратын, бас миынан, жамбастан және бұт арасынан қандай да бір жарақат алған жігіттерде де жыныс мүшесі әлсіз болуы мүмкін.
Эрекция дисфункциясының емі қандай?
Қандай да бір емді бастамас бұрын алдымен аурудың себебін анықтау керек. Бұл дерттен зардап шегетін еркектердің бәріне бір таблетканы беріп, емдеу мүмкін емес. Өйткені мұндай препараттардың барлығы уақытша әсер береді, содан соң бұрынғы қалпына қайта келеді. Оның үстіне, уақытша әсер беретін таблеткаларды тұрақты қолданудың соңы тәуелділікке себеп болады. Егер ер адам дәрі ішпесе, жыныс мүшесі өздігінен белсенді болмай қалуы мүмкін. Міндетті түрде урологқа немесе андрологқа қаралып, себебін жойса, ауруы емделеді.
Ең алдымен ер адамның тестостерон, пролактин гормондары, сонымен бірге қандағы қанттың, холестериннің құрамы, артериялық қан қысымы тексеріледі. Жыныс мүшесінің қан тамырларына ультрадыбыстық зерттеу жүргізіледі. Бұл проблемамен тек уролог-андролог дәрігерлер айналыспайды. Сонымен бірге эндокринолог, невропатолог, психолог мамандардың да көмегі керек.
Нұрлан Мұқанов ұзақ жыныстық қатынасқа түсе алмайтын ерлердің проблемасы туралы да айтты.
Жылдам эякуляция деген не?
Құшақтап, аймалау мен сүюді қоспағанда жыныстық қатынас 5-7 минутқа созылса, онда ол қалыпты болып есептеледі. Егер жыныстық қатынас төрт минуттан ерте бітетін болса, оны медицинада «мерзімінен бұрынғы эякуляция» деп атайды. Мұның өзі екіге бөлінеді. Біріншісіне жыныстық қатынасқа алғаш түскен күннен бастап қазірге дейін төсек қатынасында ұзаққа бара алмайтын ер адамдарды жатқызамыз. Ал екінші түрі — бұрын мұндай проблемаға тап болмаған, яғни жүре пайда болған дертті айтады.
Кей еркектер тұрақты жыныстық қатынаста болмайды. Айына бір рет немесе одан да сирек әйелмен қосылған кезде қатынасты тез бітіріп қойса, бұл мерзімінен бұрынғы эякуляцияға жатпайды. Өйткені олар ұзақ уақыт жыныстық қатынасқа түспегендіктен қатты қозады да, жыныстық қатынас уақытынан бұрын аяқталады. Бұл ауру емес. Егер күн сайын немесе күнара жыныстық қатынасқа бірнеше рет түсіп, тез аяқталса ғана осы диагноз қойылады.
Себептері
Мерзімінен бұрынғы эякуляцияның пайда болу себептері эрекция дисфункциясынікіндей. Жас күнінде мастурбациямен көп айналысқан болса, жылдам эякуляцияға мұның да әсері болады. Бұл аурудан көбіне жасы 40-тан асқан ер адамдар зардап шегеді. Бұған көбіне психологиялық ауытқулар себеп болады. Бірақ ол эрекция дисфункциясындағы психологиялық себептен басқа болады. Әйел қандай да бір ауырсынуды сезініп, оның қиналып жатқанын байқағанда ер адам жыныстық қатынасты тез бітіруге тырысады. Осындай қатынастан кейінгі келесі секс кезінде де еркекте «тез бітіруім керек» деген ой тұрады. Мұның бәрі мимен, жүйке жүйесімен тікелей байланысты.
Өткен тақырыптарда айтқандай, әйелге жыныс мүшесінің ұзындығы ешқандай роль атқармайды. Оларға бастысы жыныстық қатынастың уақыты қатты қысқа болмағаны маңызды. Өйткені олар да оргазмға бөленеді. Еркек өзінің жұбынан бұрын өз шаруасын бітіріп тастаса, әйел өзіне тиесілі ләззатты ала алмай қалады.
Дәрігердің ерлерге кеңесі
Ауылда тұратын ерлердің уролог дәрігерге қаралуға мүмкіндігі болмайды. Оларға пайдалы кеңес: 10%-дық «Лидокаин» деген спрей бар, оны қатынасқа түспей тұрып, жыныс мүшесінің басына және айналасына 15-20 минут бұрын себуге болады. Бірақ жыныстық қатынастың алдында оны тазалап, жуу маңызды. Өйткені ол әйелдің жыныс мүшесінің сезімталдығын әлсіретіп, жансыздандырады. Оның әсерінен әйел ешқандай ләззат ала алмайды.
Жыныстық қатынастың уақытын созу үшін «старт-стоп» әдісін де қолдануға болады. Еркек жыныстық қатынас кезінде позаны жиі ауыстырғаны жөн. Сол кезде құмарлығы уақытша басылып, секс ұзақ уақытқа созылады. Сонымен бірге ер адам өзінің жыныстық қатынасты аяқтайын деп жатқанын байқағанда мүшесінің басын қысып тұрып, артқа қарай итеру керек. Өйткені ол жерде қан артық мөлшерде ұйып тұр. Бірақ бұл айтылғандардың бәрі эрекция дисфункциясы мен жылдам эякуляцияны түбегейлі емдемейді. Тек уақытша әсер етеді.
иа екыншы шыкпаиды