Порталымыздың «Сұрақ-жауап» платформасына оқырман, әсіресе, жасөспірімдер ешкімге қоя алмаған сауалын аноним түрде жазады. Соның ішінде жасөспірім қыздарды етеккірдің келуіне қатысты сұрақтар жиі мазалайтынын байқаймыз. Мысал ретінде мына хатты алсақ болады:

Етеккір уақытында келмесе, не болады? Не істеймін?

Немесе

Неге етеккірім кетпей жүр?

Оқырманның  осы тектес сауалдарына №5 қалалық клиникалық аурухананың әйелдерге кеңес беру бөлімінің меңгерушісі, гинеколог Дариға Күдебаева жауап берді.

Дариға Күдебаева
Дариға Күдебаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Етеккір басталатын жас жылдан-жылға кеміп келеді

Етеккір жасөспірім қыздарда 12-13 жаста басталуы керек. Бірақ қазір адамның тез жетілуі мен экологияның әсерінен жасөспірім қыздарда етеккір 7-8 жаста басталатын болды. Әлемдік статистикаға сүйенсек, бұл — қалыпты жағдай. Сонда 90% қыздарда 10 жастан, басқаларында жеті жастан бастап етеккір келеді. Кей ана қызының етеккірі ерте келгенінен шошып, дәрігердің көмегіне жүгінеді. Мұндай жағдайда біз дүниежүзінде осындай өзгерістердің болып жатқанын айтып, түсіндіреміз. Әр ана қызының етеккірі ерте келуі мүмкін екенін ескеріп, мектепке баратын жасынан бастап бұл тақырып туралы айта беруі керек. Қыздардың мұндай кезеңді жақсы өткізуі, гигиенаны дұрыс ұстануы аналардың сауатына байланысты.

Қыздардың 90%-ының ағзасы анасынікін қайталайды

Етеккірдің жасөспірім шақта уақытында келмеуінің бірінші себебі – кезінде оның анасына да кеш келуіне байланысты. Анасына етеккір 12 жасында келсе, қызына да сол жаста келуі керек. Егер етеккір 16-жаста келмесе және бұл жағдай анасында байқалмаса, дереу дәрігерге көріну қажет.

Менструация 22-45 күн аралығында болады. Қыздарда етеккір арасына 45 күн салып келсе және мұндай жағдай бойжеткен кезінен қалыптасқан болса, бұл — қалыпты жағдай. Егер аяқ астынан 45 күнге өзгерсе, тексерілу қажет. Кейбір қыз-келіншек етеккір айына екі рет келеді деп жатады. Демек оның етеккірі 22 күн сайын, 3-4 күн ғана келетін болып тұр. Бұл жерде ең бастысы — бірінші менструация мен екіншісінің арасы 22 күнге жетуі керек. Ай сайын келетін уақыты 2-3 күнге өзгерсе, ештеңе етпейді. Егер қан тым көп бөлініп, оның үстіне бұл жағдай жеті күнге немесе одан көп уақытқа созылса, дәрігердің көмегіне жүгіну шарт. Етеккір кезінде болатын өзгерістердің бәрі гормондарға байланысты. Мамандар диагнозды анықтап, көбіне гормондарды қалпына келтіру үшін дәрі жазып береді.

Етеккір арам қан емес

Қыз-келіншектер арасында «етеккір арқылы арам қан сыртқа шығады» деген қате түсінік бар. Себебі кезінде аналарымыз осылай ойлаған, кейін қыздарына бұл ақпаратты жеткізген. Біріншіден, адамда арам не керек емес қан болмайды. Мұндай қан сыртқа шығып отыратын болса, ерлерде неге етеккір болмайды?

Екіншіден, етеккір кезінде бөлінетін қан тамырдан емес, әйелдің жатырының ішінен бөлінеді. Етеккір деп 7-16 жастан басталып, егде жаста (40-90 жас) тоқтайтын, ай сайын жатырдың ішкі қабығы (эндометрий) тазаланып, сыртқа шығатын процесті айтады. Бұл — тек әйелге тән табиғи заңдылық.

Дариға Күдебаева
Дариға Күдебаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Көңіл-күй мен тәбеттің өзгеруі — қалыпты жайт

Мұндай күндері көңіл-күй мен тәбеттің, омырау мен аяқтың ісуі, бел, іш, бастың ауыруы, температураның көтерілуі, мазасыздану – бәрі қалыпты. Етеккір кезінде жатыр жиырылып тұрады, сондықтан толғақ сияқты сезіліп, іш ауырады. Ауырсыну климатқа, адамның жер ауыстыруына да байланысты. Оңтүстікте өскен қыз солтүстікке көшсе, етеккірінде өзгеріс болады. Алайда аталған жағдайлар үнемі қайталанып, өрши түссе, етеккір келген уақытта тұра алмай, қозғалуға қиналса, бұл — патология, ағзаның қалыпты жағдайдан ауытқуы.

Қатты ауырсыну көбіне қалқанша бездің өзгерісінен болады. Алматы облысы тұрғындарында йод тапшы. Йод жетіспеуінен қалқанша бездің жұмысы өзгереді. Етеккірмен қалқанша без, бүйрекүсті безі, бүкіл ағза байланысты. Ай сайын етеккір келгенде әйел ағзасынан эндорфин бөлініп шығады. Эндорфин — көңіл-күйге әсер етеді. Қыздардың мұндай күндері депрессияға ұшырауы осыдан.

Ауырсынуды басатын дәріні 1-2 рет қолданса, зиян емес. Бірақ жиі қолдануға болмайды.

Төсемені 2-3 сағат сайын ауыстырыңыз

Қыз-келіншектер төсемелерді қолдану ұзақтығына байланысты жиі қателеседі. Үнемдейін деп, күні бойы ауыстырмай жүру дұрыс емес. Төсемені 2-3 сағаттан артық қолдануға болмайды. Себебі қанда микробтар тез дамиды. Әдетте, қыздар төсемелер қанды өзіне тартып тұрады деп ойлайды. Төсеме қанды сорып тұрмайды, ол жай ғана сіңіреді. Сол себепті төсемені зиян деп, одан қашудың қажеті жоқ.

Босанғаннан кейін етеккір келмеуі де мүмкін

Аналар сәбиін қолына алғаннан кейін 7-40 күн аралығында етеккір келеді. Осы кезде бір жайтты ескерген жөн. Бала емізетін әйелде пролактин деген гормон болады. Пролактин гормоны сүттің бөлінуіне әсер етеді. Осы гормон әйелдің ағзасында көп мөлшерде бөлінсе, етеккір келмейді және әйел босанғаннан кейін бірден бала көтермейді. Мұндай жағдай әйелдің генетикалық ерекшелігіне қарай болады. Көп жағдайда бала емізіп жүрген әйел 1-2 жыл бала көтермейді. Бірақ біз пациенттің анасында қалай болғанын сұрап, соған байланысты сақтану керек екенін ескертеміз. Егер әйелдің босануы жеңіл болса, етеккірі бұрынғыша келеді, өзгермейді. Ауыр босанған болса, етеккірдің түсі мен келу уақытында өзгерістер болады.

Гинекология
Гинекология. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Кейбір қыздарда қыздық перденің қалың болуына байланысты жатырдан бөлінген қан сыртқа шыға алмай қалады. Мұндай жағдайды қыздың өзі байқайды. Іші ауырып, өзін толғатып жатқан сияқты сезінеді де, не болып жатқанын анықтау үшін дәрігерге жүгінеді. Сонда гинеколог етеккірдің бөлініп, бірақ пердеден сыртқа өте алмай жатқанын анықтайды. Мұндай сәтте маман қыздық пердені жасанды жолмен кішкене кеседі. Бірақ бұл қыздық перде жыртылды деген сөз емес. Мұндай жағдай ең алғаш етеккір келгенде болады әрі ересек адамның рұқсатымен жасалады. Бірақ өте сирек кездеседі.

Маманның кеңесі

Ең маңыздысы — қыз балалардың етеккірді негатив түрде қабылдап қалмауы. Әр ана мұндай кезеңде қыздарының комплекске ұрынбауын қадағалауы керек. Етеккір әйелдің жатырына бала бітіп, ана болу бақытына қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Етеккір тоқтаса, бала көтеруге мүмкіндік болмайды.

Етеккір алғаш келгенде қыздарға әртүрлі кеңес айтып, оларды шектемеңіз. «Жабысып тұратын киім киме», «душқа түспе», «спортпен айналыспа», «жат» және тағы басқа сөздерді айтпаңыз. Қыз бала өзін күнделікті қалай ұстайды, етеккір уақытында да солай жүргені дұрыс. Мұндай күндері спортпен айналысу пайдалы. Тек ауыр жұмыс істеуге, моншаға түсуге, жыныстық қатынасқа түсуге болмайды.

Етеккір кезінде тазалықты бірінші орынға қойыңыз. Дәрет алғанда әурет жеріңізді тек жылы сумен, сабынмен алдынан артқа қарай жуыңыз. Сонымен бірге душқа түсіп, сергіп алыңыз.