Baribar.kz порталында «Сұрақ-Жауап» платформасы жұмыс істейді. Онда оқырман өзін мазалаған, қызықтырған сауалын қойып, өзге қолданушылардан жауап алады. «Денсаулық» санаты бойынша қойылатын сұрақтардың арасында жыныстық қатынас пен одан жұғатын ауру туралы сұрайтындар көп, жыныс мүшесіне көңілі толмайтын еркектердің де аз емес екенін байқадық. Оған мысал ретінде төмендегі хатты айтсақ болады:

Жасым 25-те. Жыныс мүшемнің ұзындығы — 10 сантиметр, тағы да 4 сантиметрге өсіргім келеді. Операциясыз жыныс мүшесін қалай өсіруге болады? Көмектесіп жіберіңіздерші.

Оқырман сауалына уролог-андролог Нұрлан Мұқанов жауап береді.

Операциядан кейін барлығы керемет болып кетпейді

Нұрлан Ерлжанұлы, уролог, андролог, дәрігер
Уролог-андролог дәрігер Нұрлан Елжанұлы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жыныс мүшесінің қалыпты өлшемі қандай? Еркектерге қай кезде оны үлкейту туралы бас қатыруға болады?

Еркектің жыныс мүшесі 5-10 сантиметрдің арасында қалыпты саналады. Егер 5 саниметрден кішкентай болса, ол кіші жыныс мүшесіне жатады, медицинада оны «микропенис» деп атайды. Негізі өз мүшесін кішкентай деп санайтын еркектердің 95%-ында ол қалыпты, мұны уролог-андролог дәрігерлердің практикасы дәлелдеп отыр. Жігіттерге мұндай ой достарымен бассейнге, моншаға барғанда немесе порно видеоны көп қарағаннан келуі мүмкін.

Еркек әйелдің алдында өзін сенімді ұстағысы келеді, бір жағынан, жыныс мүшесінің әдемі көрінгенін қалайды. Осы синдромнан зардап шегетін еркекте «Әйелдің күлкісіне қаламын ба?» деген қорқыныш болады. Бірақ әйел үшін еркектің жыныс мүшесі аса маңызды роль атқармайды. Оған мысал ретінде Калифорниядағы зерттеу нәтижесін айтсақ болады. Мамандар жүргізген онлайн сауалнамаға 52031 адам қатысқан.

Еркектердің 66%-ы өз мүшесін орташа деңгейге жатқызса, 22%-ы үлкен деп есептеген. Респонденттердің 12%-ы мүшесінің кішкентай екенін мойындаған. Ал сауалнамаға қатысқан әйелдердің 85%-ы өз жұбының мүшесі ұнайтынын және оның үлкендігі аса маңызды емес екенін айтқан.

Жыныс мүшесінің үлкен не кіші болуы не нәрсеге тәуелді? 

Еркектің жұмыртқасында тестостерон дейтін гормон болады. Ол жыныс мүшесінің тікелей өсіп-дамуына әсер етеді. Егер тестостерон гормоны дұрыс бөлінбесе, жыныс мүшесі жетілмей қалады. Негізі ерлерде жыныс мүшесі 12-18 жас аралығында белсенді өседі. Ал 18-20 жастағы жігіттерде бұл процесс баяу жүреді, сондықтан  осы кезде айтарлықтай нәтиже болмауы мүмкін. 20 жастан кейін өсу процесі тоқтайды. Жыныс мүшесінің үлкен не кіші болуының тағы бір себебі генге байланысты.

Медицинада жыныс мүшесін үлкейтудің дәлелденген қандай тәсілдері бар?

Еркектің жыныс мүшесін өсірудің немесе оны үлкен етіп көрсетудің бірнеше тәсілі бар. Ол қарапайым,  әсері бар және әсері жоқ болып бөлінеді.

Қарапайым тәсілді үй жағдайында жасауға болады. Егер жыныс мүшесінің айналасындағы түкті тазалап, түгелдей алып тастаса, ол 1,5-2 cантиметрге дейін үлкен көрінеді. Мүшенің кішкентай болып көрінуіне семіздік те әсер етеді. Адамның қарнында, белінде май неғұрлым көп болған сайын жыныс мүшесі соғұрлым кішкентай болып көрінеді. Диета ұстап, күнделікті спортпен шұғылдану арқылы артық майды кетіріп, мүшені бұрынғыға қарағанда үлкен етіп көрсетуге болады. Бірақ бір нәрсені ескерген жөн: адамның қарнындағы қасаға (май жинайтын орын) мен белге жиналған май оңайлықпен кетпейді. Алдымен адамның жоғары жағындағы, содан соң аяғындағы майлар ыдырайды, соңында іш пен белге жиналған май кетеді. Сондықтан одан құтылу үшін біраз тер төгу керек.

Жыныс мүшесін күнделікті уқалау мен созу да оның көлемінің өсуіне әсер етеді. Бұл арабтар мен үнділерден жеткен ең қауіпсіз тәсіл, бірақ оны мастурбациямен шатастырмаған жөн. Осы тәсіл арқылы көзге көрінетіндей нәтиежеге жету үшін ұзақ уақыт, күніне кем дегенде жарты сағат мүшені уқалап, созып отыру қажет. Бұл әдістердің қай-қайсын жасамас бұрын дәрігерге көрініп, маманның кеңесіне жүгініңіз. 

Әсері бар тәсілге гормонал терапия жатады. Бұл терапия еркекте тестостерон гормоны бұзылғанда қолданылады. Мұндай өзгеріске ұшыраған ер адамды бірден байқауға болады, оның иығы мен аяғы жіңішке, ал белі жуан болады. Гормонал терапия тәсілін үй жағдайында жасауға болмайды, алдымен емделушінің дене массасының индексін өлшеу керек. Барлық анализді тапсырып, тексерістен өткен соң ғана маманның нұсқауымен беріледі. Егер пациент тестостеронды алып, өзіне салса, инфекция түсіп, кері зияны тиюі мүмкін.

Қазір нарықта сұранысқа ие экстендер, вакуумды помпа, стретчер деген құрылғылардың пайдасы бар ма?

Экстендер мен стретчер құрылғыларын күніне 4-5 сағаттан, алты айға дейін қолдану керек. Сонда ғана 1,5-2 сантиметрге дейін өсуі мүмкін. Ал вакуумды помпа құрылғысының басында екі цилиндрі мен балоны болады. Цилиндрді мүшеге кигізіп, балон арқылы оның ішіндегі ауаны сорып тастайды. Сол кезде мүше созылып,  диаметрі жағынан өседі. Негізі бұл құрылғы көбіне жыныс мүшесін үлкейту мақсатында емес, эректильді дисфункцияны емдеуде, яғни жыныс мүшесі қатынасқа түсуге қабілетсіз болғанда қолданылады. Бұл құрылғыларды да дәрігердің нұсқауымен пайдаланған дұрыс. Өйткені үй жағдайында дұрыс жасалмаса, жарақат алуыңыз мүмкін.

Жыныс мүшесін хирургиялық жолмен де үлкейтуге болады, оны «лигаментотомия» деп атайды. Адамның қарнындағы қасаға мен жыныс мүшесін қосатын байлам болады, оны операция арқылы кеседі.

Бірақ бұл әдіс мүшенің жыныстық қатынасқа дейінгі көлемін ғана үлкейтеді, ал қатынасқа түсуге дайын кездегі көлемі бұрынғы қалпын сақтайды. Мұндай операция Алматыдағы Б.А.Жарбосынов атындағы урология институты мен Репродуктивті медицина институтында жасалады.

Нұрлан Елжанұлы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Интернетте түрлі жарнамамен крем, таблетка, табиғи қоспалар сатылады, олардың жыныс мүшесін өсіруге қандай әсері бар?

Мұндай әдіс әсері жоқ тәсілге жатады, өйткені онда жыныс мүшесінің өсуіне әсер ететін ешқандай зат жоқ. Олардың құрамында женьшень, гинкго билоба деген дәрілік өсімдіктер болады, ол кіші жамбастағы қан айналымын жақсартады. Ал кіші жамбасқа жақын жерде қуық асты безі бар. Әйелге деген құштарлықтың оянуына сол қуық асты безі жауап береді. Таблетка мен қоспалар осы безге қанның келуін күшейтеді. Қан келгенде жыныс мүшесі үлкейеді, көбі осымен шатастырады.

Дәрігерден ерлерге кеңес:

Еркектің жыныс мүшесі — оның абыройы, оған тек ләззат алатын нәрсе ретінде қарамау керек. Сондықтан оған қатысты көзқарасты өзгертіңіз. Күнделікті ағзадан несеп арқылы токсинді шығаратын, бастысы ұрпақ жалғастыруға көмектесетін орган екенін ұмытпаңыз. Сондықтан бір сәттік ләззат пен әдемілік үшін денсаулыққа немқұрайлы қарауға болмайды. Қандай да бір әрекетке бармас бұрын алдымен дәрігерге көрініп, маманмен кеңесіңіз. Дәрігерден көмек болмаса, психологтың көмегіне жүгініңіз.

Жыныс мүшесі — ең сезімтал органның бірі. Онда қан тамырлары, жүйке талшықтарының ұштары өте қатты дамыған. Сондықтан операциядан кейін оның белсенділігі бұрынғыға қарағанда әлсіреп, сезімталдығы төмендеуі мүмкін. Төсек қатынасында жыныс мүшесінің көлемі маңызды емес. Мұнда бастысы — оның эрекциясы, яғни  жыныстық қатынасқа дайын болуы және белсенді түсуі.

Денеге көңіл толмаушылық неден басталады? Жасөспірім шақта нені ескеру қажет? Бұл сұраққа психолог жауап береді.

Сая Бақимова, психолог: Кішкентай кездегі комплекстер болашақта қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін

Сая Бақимова
Сая Бақимова. Фото жеке архивінен.

Адамның өз дене бітіміне көңілі толмауы, өзгеріске ұмтылысы, неше түрлі операция (нақты медициналық көрсеткіштен бөлек) жан мен тәннің арасында үнемі конфликт болатынын көрсетеді. Мұндай адамдар психикасындағы өз денесінің образын қабылдай алмайды. Барлық дененің физикалық шекарасы болады. Сол сияқты адам да денесінің шекарасын екі айлық кезден бастап сезініп, зерттей бастайды. Ал психикадағы дененің образы өзгерген кезде дұрыс қалыптаспаса, адам үнемі сол шекараны байқап көруге, қайта жасап шығуға (операция арқылы), үлкейтіп, анықтап өзгелерге көрсету арқылы өзі сезінуге тырысады. Көп ер адамның жыныс мүшесіне көңілі толмауы мүмкін, одан ұялып, басқалармен салыстырып, іштей неше түрлі арпалысқа түседі. Мұны психоанализ теориясы арқылы түсіндіріп көрейік.

Эдип кезеңінің ауытқуға әсері

4-5 жасқа келгенде бала «Эдип кезеңі» деп аталатын кезеңнен өтеді. Ер бала бұл жаста әкесінің орнын басқысы келіп, анасын қаттырақ жақсы көреді. Бұл — классикалық психоанализдің негізгі теорияларының бірі. Эдип кезеңінде бала анасын әкесінен тартып алғысы келеді. Бірақ әке баладан барлық жағынан да озып кететіндей күшті. Бала онымен бәсекеге түсу қауіпті болатынын түсінеді. «Ондай әке маған кастрация жасауы мүмкін» деген балалық қорқыныш пайда болады. Kастрациялық қорқыныш — бала есін біле бастаған кездегі ең үлкен қорқыныштың бірі. Бала үшін бұл — өліммен тең нәрсе. Осы кезден бастап «өзін агрессормен теңдестіру» механизмі  жұмыс істейді. «Егер мен әкем сияқты болсам, ол маған бұрынғыдай қорқынышты емес, екеуміз бірдейміз» деген түсінік қалыптасады.

Осыдан келіп болашақ жыныстық таңдау — мен әкем сияқтымын, демек, менің де қасымда болашақта анам сияқты әйел болады. Бірақ барлық адамда бұл процесс бірдей жүрмейді. Бір отбасында жетекші роль әкеде емес, анада болуы мүмкін. Бала анасын агрессор ретінде көреді. Бір отбасында әке — тым жауыз, тиран. Бала онымен теңескісі келмей, өзін әкесі сияқты мықты, күшті көргісі келмеуі мүмкін. Эдип кезеңінде болған ауытқуды кейін көп нәрседен көруге болады — бәсекеге шыдамау, қарсы жыныстағы адаммен қарым-қатынас құра алмау, жыныстық ориентациясын анықтай алмау, түрлі комплекс, тағы басқа.

 «Мен ешкім емеспін»

Ер балалар, әсіресе, жасөспірім шақта денесіне (бұлшықеті, бойы, күші), жыныс мүшесіне, қабілетіне күмәнмен қарай бастайды. Сенімсіздікпен бірге агрессия, іштей «мен кереметпін» деген сеніммен қатар «мен ешкім емеспін» деген ойдың бірін-бірі тез-тез ауыстыруы жасөспірімге өте ауыр. Көп жасөсіпірім осы кезде суицид жайлы, оны ешкім жақсы көрмейтінін, тіпті асыранды бала шығармын деген фантазиялардың құшағында болады. Сондықтан бұл кезде оның қасында өзіне сенімді, ереже қоя білетін, айқаймен емес ішкі «тыныш күш» арқылы баласына сөзі өтетін ересек керек. Сол адам арқылы баланың өзі де көп әрекетін реттей алады. Психологтың көмегіне жүгінуге де қысылмау керек. Себебі жасөспірім шақта болатын жыныстық мүше, бет-әлпетіне байланысты комплекстер болашақ қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін.