Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«Жоспардан 30%-ға артта қалып келесіздер». Бектенов ҚТЖ басшысына сын айтты

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының транзиттік тасымал көрсеткіштеріне қатысты сын айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Премьер-министр ҚТЖ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновтің баяндамасын тыңдағаннан кейін компанияның жоспарлы көрсеткіштерден айтарлықтай артта қалып отырғанына назар аударды.

Бектеновтің айтуынша, компанияның алдында транзиттік тасымал көлемін 55 миллион тоннаға жеткізу міндеті тұр. Алайда қазіргі нәтижелер жоспарланған межеден 30%-ға төмен.

Сіздің алдыңызда транзиттік тасымал көлемін 55 млн тоннаға жеткізу мақсаты тұр. Алайда жоспардан 30%-ға артта қалып келесіздер. «Қазақстан темір жолы» 23 млн тоннаның орнына небары 16 млн тонна тасымалдаған. Сондықтан бұл мақсатты орындау сіздің жеке жауапкершілігіңізде, – деді премьер-министр үкімет отырысында.

Премьердің ескертуіне жауап берген Талғат Алдыбергенов қысқаша ғана «Қабылданды» деп жауап қатты.

Үкімет басшысы транзиттік әлеуетті арттыру және жүк тасымалы көлемін ұлғайту ел экономикасы үшін маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты ҚТЖ-ға жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

Мақалаға реакция