Таразда газ жарылысы кезінде зардап шеккендердің бірі қайтыс болды

Тараздағы көпқабатты үйде болған жарылыстан зардап шеккендердің бірі қайтыс болды. Бұл туралы Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Тараздың 64 жастағы тұрғыны ауруханада қайтыс болған. Басқарма мамандарының мәліметінше, ол газ аралас қоспа жалынынан күйіп қалған.

Жансақтау бөлімінде 27 ақпаннан 14 наурыз аралығында шокқа қарсы кешенді терапия жүргізілді, жүргізілген емге қарамастан 14 наурызда сағат 23.20-да пациенттің биологиялық өлімі тіркелді, — деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасының мамандары.

Еске салайық, Таразда көпқабатты үйлердің бірінде газ жарылып, үш пәтер құлап қалған еді. Үйден 145 адам көшірілген. Үш адам қаза тапты. Үйінді астынан 8 адам шығарылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен оқиғаны тергеу үшін Үкімет комиссиясы құрылды. Оқиға салдарынан қаза тапқандардың отбасына 1 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілетін болды.