Алматы балабақшаларында робототехника үйірмелері ашылады

Алматы балабақшалары балаларды ғылымға ерте жастан тәрбилеуді мақсат етті. Қаладағы мектепке дейінгі мекемелерде жаңа технологиялар кеңінен енгізілген. Оның ішінде асық, құм және тас терапиясы сынды жаңа әдістер бар.

Бүгінгі таңда Алматыда 773 бөбекжай жұмыс істейді. Балабақша жетекшілері сол әдіс-тәсілдермен жан-жақты танысуға мүмкіндік алды.

№69 бөбекжай-балабақша меңгерушісі Айым Наурызбаеваның айтуынша, құм терапиясы балалардың шығармашылығын кеңейтеді. Баланың бойындағы ойлау қабілетін, танымдық қабілетін жан-жақты дамытады.

Қалалық білім басқармасының  мектепке дейінгі бөлімінің басшысы Қазақстан бойынша мектепке дейінгі білім беру мекемелері екі жылдан бері жаңа стандартпен жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Алматының білім басқармасы жаңа стандартты сынау үшін 6 балабақшаны эксперименттік база етіп алған. Онда 6 жаңа инновация жүзеге асып, нәтижесінде 6 методикалық кітап шықты.

Қазақстанның «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында инновацияға сұраныс қалыптастырып, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру міндеттелген. Ал балабақша тәрбиеленушілерінің жаңа технологияларға бейімделуі келешекте цифрлық сауатты азаматтардың тәрбиеленіп жатқанын білдіреді.